Оңтүстік Кореяда "Жібек жолы бойындағы мәдениет" атты көрме ашылды

Оңтүстік Кореяда

Жібек жолы бойындағы мәдениет. Оңтүстік Кореяның Чжончжу қаласында ашылған көрмеге келушілер Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерімен таныса алады. Өнерсүйер қауымның назарына «Жібек жолында тұратын адамдар» деген атаумен 4 фотосуретшінің туындылары ұсынылды. Олар 10 күннің ішінде Орталық Азия мемлекеттерін аралап, жергілікті тұрғындарды түсірген. Біздің елімізде Алматы облысында болыпты. Фотосуретші Ким Мин Су ертеде Онтүстік Корея мен Орталық Азияны Ұлы Жібек жолы байланыстырғаны туралы естіп, сол аймақты көргісі келген. Қазақстанға саяхат жасаудың тағы бір себебі – елімізде үлкен корей диаспорасы қоныстанған. Ким Мин Суды қазақтың қонақжайлығы таңғалдырған.

КИМ МИН СУ, ФОТОСУРЕТШІ:

 - Қазақстандықтар әрдайым ашық-жарқын. Танысып, тілдесуден тартынбайды. Суретке түсуге де келіседі.  Кореяда, керісінше, адамдар кадрға кірмеуге тырысады, тіпті артық ауыз сөйлеспейді. Қазақ халқының мінез-құлқында еркіндік сезіледі. Мен жас болсам,  сіздің елде тұрушы едім. Мен үшін бастысы – еркіндік сезімі.

Жібек жолы бойындағы елдердің мәдениеті көне сауда жолының бастауында тұрған Қытай үшін ерекше қызықты. Аспан асты елінің бастамасымен, тіпті, осы аттас жоба да қолға алынған. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы этникалық әдебиетті зерттеу институтының профессоры Хуан Чжунсян қазақ тілі мен мәдениетін 20 жыл бойы зерттеп келеді. Ол Қазақстанның барлық облыстарын аралап салт-дәстүрі мен мәдениетін толық зерттеп шыққан.

ХУАН ЧЖУНСЯН, ҚЫТАЙ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЭТНИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТТІ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Біздің мынау «Бір белдеу, бір жол» бағытымыз ортаға қойылған соң, екі елдің экономикалық байланысы бұрынғыдан қарағанда, тіпті тығыз болуымен бірге, мәдениетіміз де барыс-келісіміз күшейіп келе жатыр. Мен сенемін, бұдан былай да біздің мына Ұлы Қытай мен Қазақстан мәдениетінің өзара ауысуы, өзара білуі, осындай істеріміз барған сайын жақсарады деп сенемін.