«Астана Опера» театрының балет артистері – Италияда

«Астана Опера» театрының балет артистері – Италияда

«Астана Опера» театрының балет артистері италиялық Генуя қаласының тұрғындарына жаңажылдық ертегі тарту етті. Қазақстандық өнер ұжымының гастрольдік репертуары Петр Чайковскийдің атақты «Щелкунчик» және «Аққу көлі» балеттерінен құралды. Карло Феличе театрындағы кешке ересектер мен балалар да келді. 6 спектакльдің билеттері гастроль басталмас бұрын толықтай сатылып кеткен.

АЛТЫНАЙ АСЫЛМУРАТОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

– Біз осында бірін-бірі алмастырып отыратын 100 адамнан тұратын екі құраммен келдік. Күніне екі спектакль қою техникалық жағынан күрделі жұмыс. Бірақ артистердің барлығын Қазақстанның өнерін таныту, Астананың және «Астана Опера» театрының атынан өнер көрсету құрметі шабыттандырады.

Көрермендер театрдың жас труппасының шеберлігін, режиссердің шешімдерін жоғары бағалады. Ауқымды декорациялар, бірегей костюмдер және көрермен алдында өсіп шыға келетін алып шырша – осының барлығы таңғалдырмай қоймайды.

СИМОНА МАРТИНИ, КӨРЕРМЕН:

-  Барлығы ұнады, әсіресе басты рольдерді сомдаған солистерге ризамын. Олардың техникасы мінсіз. Сценограция, түс пен жарық, балериналардың қимылы, бәрі керемет!

АГАТА ПОНТЕ, ЗРИТЕЛЬ:

 - Маған балериналар мен солистердің орындаушылық шеберлігі ұнады. Ал екінші актіде қанатты кеме мен балықтың көрінісі ерекше көрінді. Әрине, артистердің өнеріне шаттанбауға болмас.