2018 жылдың басты мәдени оқиғалары

2018 жылдың басты мәдени оқиғалары

Жаңа кино туындылары, театр қойылымдарының премьералары мен бірегей көрмелердің тұсаукесерлері, гала-концерттер мен ерекше байқаулар. 2018 жыл жарқын мәдени оқиғаларға толы болды.

Өткен шілде айының алтысы күні Тәуелсіздік алаңына жұртшылық ағылып жатыр. Ине шаншар жер жоқ. Жүздері күлкі мен шаттықа толы қауым елорданың мерейтойын ұлықтауға асық. 20 жасқа толған бас шағардың туған күні кең көлемде аталып өтті.

Қазақстанның бас шаһары биыл әлем мәдениеттерін бір алаңда тоғыстырған орталыққа айналды. Осы жылы Еуропа мен Азия елдердің танымал әншілері мен бишілері астаналықтар мен қала қонақтарын өз өнерлерімен  тәнті етті. Мәселен, өткен қыркүйек айында еліміздің ең үлкен сахнасы «The Spirit of Dance» халықаралық музыка мен би байқауының қатысушыларын жиды. Ерекше этно-шоуда классикалық және заманауи музыкаға қойылған әсерлі хореографиялық нөмірлер ұсынылды. 

«Жизель», «Соломея», «Щелкунчик» пен «Серенада». «Астана Балет» театрының ұжымы үшін де үстіміздегі жыл аса табысты болды.

ВАЛЕРИЙ КҮЗЕМБАЕВ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биыл біз елбасының Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарының аясында Нью-Йорктегі Линкольн орталығының сахнасында өнер көрсеттік. Сондай-ақ біз Италия елінің Милан қаласында және Монако княздігінің Монте-Карло театрында гастрольдік сапармен барып қайттық. Бұған қоса Қытайда өткен балет фестиваліне қатыстық.

Айдай әлемге танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов үшін де 2018 жыл аса жемісті өтті. Отандық күміс көмейдің Лонданда берген алғашқы жеке концертінде орындалған әндерді тыңдауға мыңдаған адам жиылды. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Қазақстандық бұлбұлдың өнерін тамашалауға Ұлыбритания астанасына 46 елдің өкілдері арнайы келген. Жерлесіміз шетелдік қауымға лирикалық балладалар, халық әндерін шырқап, «Адай» күйін ойнап берді. 

Ел болып тағатсыздана күткен халықаралық мәдени шаралардың бірі «Балалар Евровидениесі» болды. Байқау тарихында тұңғыш рет Қазақстан намысын Данэлия Тулешова арқалады. Жерлесіміз үздік үштікке ілігуден сәл-ақ қалып 4-ші орынға ие болды.

Биыл тағы бір дарынды қазақстандықтың есімі барша әлемге танылды. Отандасымыз Самал Есләмованың «Айка» фильмінде сомдаған рөлі  71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса аталымына лайық деп танылды. Картинаның өзі «Оскар» кино жүлдесіне үміткерлердің тізіміне енді.

Өткен 2018 жыл бойы қазақстандықтар ұлттық болмыс пен ел тарихынан сыр шертіп, заманауи мемлекеттің бүгінгі тыныс тіршілігін жер-жаһанға паш ете білді. Белсенді отандастарымыз құнды рухани мұраларымызды, халықтың салт-санасын көздің қарашығындай сақтап, әлемге жар ету үшін белді бекем буып отыр.