Бухарестте Қазақстан мәдениетінің орталығы ашылды

Бухарестте Қазақстан мәдениетінің орталығы ашылды

Румыния астанасы Бухарест қаласында Қазақстан мәдениетінің орталығы ашылды. Бұл – екі елдің саяси әріптестігінің сәтті жалғасы. Дипломаттардың айтуынша, қазақ халқының тарихына, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына деген румындардың қызығушылығы зор. Бұған қос тараптың бірлесе іске асырған жобалары дәлел бола алады.

НҰРМҰХАМЕД ЖАҢҒАРАЕВ, ҚР РУМЫНИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: 

 - «Рухани жаңғыру» және «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық әдебиет» бағдарламалары аясында Қазақстанның Румыниядағы елшілігі мәдениетімізді дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Қазір мамандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын румын тіліне аударуда.

Қазақстан мәдениеті орталығының Еуропадағы көне кітапханалардың бірінде ашылғанын атап өткен жөн. Оның қорында 13 миллионнан аса кітап бар. Оқырмандардың айтуынша, орталық шетелдіктерге қазақ халқының дәстүрлерімен, жазу тарихымен, әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді.

АРМАН КАЛАБАЕВ, МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛУШІ:

-  Мәдениет орталығының арқасында өзімізге, балаларымызға қазақ тілінде кітап оқытатын мүмкіндік пайда болды. Қуаныштымын.

Румынияның ұлттық кітапханасына қазақстандық авторлардың 200-ден астам туындысы тарту етілді. Тарихи және көркем әдебиет шығармаларынан бөлек, мұнда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы да ұсынылып отыр. Айта кетерлігі, жақын келешекте Астанада румын мәдениетінің орталығын ашу жоспарланған.