Денис Тен жазған сценарий бойынша «Соқыр махаббат» атты кино түсіріледі

Денис Тен жазған сценарий бойынша «Соқыр махаббат» атты кино түсіріледі

Келер жылы Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылады. Спортшы көзі тірісінде «Global Skating Academy» атты мектептің негізін қалауды армандаған екен. Жобаның жүзеге асуына ресейлік жаттықтырушы Татьяна Тарасова атсалыспақ. Дүниеден ерте озған отандасымыздың өмірі ел қамындағы осындай мақсат-мүдделерге толы еді. Орындалмаған армандарын іске асыруды «Денис Тен» қоғамдық қоры қолға алып отыр. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дарынды жерлесіміздің әдебиет, фото, музыка сынды шығармашылық өнердің сан түрімен де әуестенгені белгілі.

ОКСАНА ТЕН, ДЕНИС ТЕННІҢ АНАСЫ:

 - Біз қордың қызметінде түрлі бағыттар белгіледік. Олардың барлығын жүзеге асыруға тырысамыз. Денистің жазған аспаптық әуендері және әндерінің таспасын жарыққа шығару көзделіп отыр. «Әңгімелер, ертегілер және тақпақтар» атты жинақ та көп ұзамай көпшілікке жол тартады. Жалпы Денистің артынан қалған шығармашылық туындылары көп. Ол өзін жан-жақты дамытуға құлшынып жүретін. 

Спортшының бейнесіне негізделген анимациялық фильм түсіру де жоспарда тұр. Ең бастысы, Денис Тен жазған сценарий бойынша «Соқыр махаббат» атты кино түсіріледі. Бұл көркем туындыны кинорежиссер Тимур Бекмамбетов қолға алды.

ТИМУР БЕКМАМБЕТОВ, КИНОРЕЖИССЕР:

 - Фильм көп ұзамай көпшіліктің назарына ұсынылатын болады. Келер жылдың қаңтарынан дайындық жұмыстарын бастаймыз. Көркем туынды  коммерциялық мақсатта түсірілмейді. Ол спортшының рухына арналады. Ағылшын тілінде болады. Қазір режиссер қарастырып жатырмыз. Фильм АҚШ-та түсіріледі. Денистің сценариі бойынша жазылған оқиға желісі жастардың қарым-қатынасын баяндайтын шексіз махаббат тақырыбына арналған.

Қордың қолдауымен «Денис және оның достары» атты мұздағы шоу жыл сайын өткізілмек. Сонымен қатар қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыларға арналған шеберлік сыныптарын ұйымдастыру да жоспарланып отыр.