Британиялық волынкашы Мэттью Макрэй Лондонда қазақ мәдениетін насихаттап жүр

Британиялық волынкашы Мэттью Макрэй Лондонда қазақ мәдениетін насихаттап жүр

Британиялық волынкашы Мэттью Макрэй Лондонда қазақ мәдениетін насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Ол өз репертуарына біздің ұлттық әуендерімізді енгізіп, шетелдіктер алдында орындап жүр.

Димаштың өнеріне тәнті болған Мэттью Ютюб желісінен үрлемелі аспабына ыңғайлы музыка іздей бастайды. Өнерпаз бүгінде «Қамажай» әнін нақышына келтіріп орындап жүр. Одан қалды қазақстандық жас домбырашылармен трио құрып, ресми шараларда өнер көрсетеді.

ДЖИЛ БРАУН, КӨРЕРМЕН:

 - Волынкашы жас домбырашылармен қосылып, классикалық әуендерді орындау арқылы тағы бір аудиторияның назарын аудартты. Мен өзім осындай ұлттық аспаптарды жақсы көремін. Өйткені олардың өзіндік үні бар.

Волынканың қазақ халқының көне саз аспаптарының бірі желбуазға ұқсастығы көп. Желбуаздың да іші қуыс, оның 2 не 3 жеріне дыбыс беретін ұзынша түтікшелер орнатылған.

МЭТТЬЮ МАКРЭЙ. ВОЛЫНКАШЫ:

 - Меніңше қазақ әуендерінің құлақтан кіріп бойды алар ерекше қасиеті бар. Оның ішінде классикалық стильдегі әуендерді жаным сүйеді. Маған бұл жерде өнер көрсету – үлкен құрмет. Ерекше мақтан тұтамын.

Мэттью негізінен үйлену тойларда, туған күндерде және корпоративтік кештерде өнер көрсетіп, нәпақасын айырады. Оның алдағы уақытта британиялық тойшыл қауымды қазақша әуендеріне билеткісі бар.