«Notre-dame de Paris» қазақ тілінде қойылды

«Notre-dame de Paris» қазақ тілінде қойылды

Аты аңызға айналған махаббат хикаясы қазақша қойылды. Астанада әйгілі «Нотр-Дам де Пари» мюзиклі сахналанды. Шынайы махаббат, сатқындық, сығанның әсем әуезді музыкасы, сиқырға толы цирк қойылымы. Осының бәрі бір мюзиклде тоғысқан. Актерлер дәл осы тұсы ең қиын әрі қызық болды,-дейді. Өйткені билеп жүріп, ән шырқау керек. Мұнымен қоса образды ашып, көрерменге жеткізу тағы бар. Ерекше сұлулығымен көпшілікті тамсандырған Эсмеральданы Жарқынай Шалқарова мен Роза Мұқатаева сомдады.

РОЗА МҰҚАТАЕВА, ЭСМЕРАЛЬДА РӨЛІН СОМДАУШЫ:

 - Мен үшін Эсмеральда өте жақын. Кейбір жерлерінде өмірімде болмаған жағдайлар болады енді. Бірақ сонда да оның өзінің ішкі жан-дүниесі маған қатты ұқсас. Ол бостандықты, еркіндікті жақсы көретін қыз. Далада өскен, табиғатты жақсы көретін қыз. Сол жағынан маған қатты жақын.

«Нотр-Дам де Пари» мюзиклі Виктор Гюгоның атақты «Париж құдай анасының соборы» романының желісі бойынша жазылған. Либретто авторы – Люк Пламондон. Ол  бет келбетімен емес, ішкі жан дүниесімен көрікті Квазимодо бейнесінен шабыт алыпты. 

ӘДІЛ СҰЛТАН, КВАЗИМОДО РӨЛІН СОМДАУШЫ:

 - Квазимодо жүрегі таза, сондай жақсы кейіпкер деп айтсақ болады. Жалпы мен өзім – әншімін. Актерлік жағынан көп жұмыс істеуге тура келді. Квазимодо бүкір болғандықтан, солай жүру жағынан көп жұмыс істедім.

Гиннестің рекордтар кітабына енген озық туындыны дүние жүзінде 11 млн-нан астам көрермен тамашалап үлгерген.  Мюзикл тұңғыш рет Париждің Конгресс сарайы сахнасында қойылды. 20 жыл соң қазақ тілді көрерменге жол тартты.

ЕРЛАН ДӘКЕНОВ, «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 5 ай бойы кастинг жұмыстары жүргізілді. Оның дайындығы бар, үлкен аудару жұмыстары бар. Қазақша мәтінді өздеріңізге белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазин аударып шықты. Қойылым Орталық Азияда тұңғыш рет үлкен бір жаңалық болып жатыр. 9 мемлекетте өз тілінде қойылған болатын. Қай мемлекетте қойылса, міндетті түрде сол елдің тілінде қойылуы керек екен.