Қазақтың ұлттық аспаптарын жасайтын хас шебер

Қазақтың ұлттық аспаптарын жасайтын хас шебер

Серікжан Ысқақбекұлы – қазақтың ұлттық аспаптарын жасайтын хас шебер. Оның қолынан халқымыздың аса бай саз әлемінің ерекше әуен сарындарын тудыратын 500-ден астам музыкалық құрал шыққан. Қолы қалт етсе, мына шеберханаға келеді. Дәл қазір мойын жонып, шанақ иіп  жалпы 60-тан астам элементі бар қасиетті қара домбыра құрап, пернесінен әуен төгілту үшін еңбектеніп  жатыр.

Ұлттық аспаптың 30-ға тарта түрін жасайтын шебердің мақсаты мәдени мұраны жаңғырту. Байырғы аспаптардың бірегейлігін сақтау үшін ғылымға негізделген дұрыс дейді. Бүгінде ол қазақ музыка құралдарының тарихынан сыр шертіп, көне технологиясын ашатын ғылыми әдістемелік еңбек жазуды қолға алыпты. Танымдық жинақта ұмыт болып қалған үйсін заманындағы барбыт және ақусаз сынды шекті ата аспаптардың сыры мен мәні қамтылған.

СЕРІКЖАН ЫСҚАҚБЕКҰЛЫ, ҰЛТЫҚ АСПАПТАР ЖАСАУ ШЕБЕРІ:

 - Қазақ музыка аспаптарының 50-60 түрі бар деп тарих деректерінде айтылған. Бұл кітапта 30 түрлі аспаптың жасалу жолдары, оларды қандай ағаштардан әзірленетіні, ағаштарды қалай сұрыптаймыз, одан кейін аспаптардың тарихи деректерімен бірге олардың өлшемдері, жасалу әдістері таныстырылады. 

«Жігітке жеті өнер де аз». «Сегіз қырлы бір сырлы» отандасымыз ата кәсіпті Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріптеп жүр. Ұлы даланың болмысын боз бояумен кенепке сіңірген қылқалам шебері. Өзі жасап, зерттеп жүрген аспаптың бәрін шебер меңгерген күйші әрі әнші. Дарынды жан ұлттық мәдениеттің құдіретін ел ішімен қатар өзгелерге де кеңінен танытуды мақсат тұтады.

СЕРІКЖАН ЫСҚАҚБЕКҰЛЫ, ҰЛТЫҚ АСПАПТАР ЖАСАУ ШЕБЕРІ:

 - Мына домбыраны Қытайдың Аумин қаласында 2012 жылы өткен Қытайдағы аз санды ұлттардың мәдениетін насихаттау форумы болды. Осы форумда өз қолыммен жасаған домбырам. Тартып көрейін.