Қазақ би өнерін жаңғырту

Қазақ би өнерін жаңғырту

Ізім Тойған Оспанқызы түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатын қазақ би өнерiнiң сақшысы деп айтсақ артық болмас. Ол саналы ғұмырының 50 жылын халқымыздың осынау дәстүрлі өнерін жетілдіруге сарп еткен. Оның 27 жылын ұлттық саз сарыны ырғағымен мың бұрала билеп өткерген сахна саңлағы – соңғы 23 жыл жауһарлы өнердің қыр-сырын шәкірттеріне дәріптеп жүрген ұлағатты ұстаз. Өмірлік мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталман – өнертану ғылымының кандидаты, профессоры.

ТОЙҒАН ІЗІМ, ҚАЗАҚ БИ ӨНЕРІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ, ӨНЕРТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Бүгінгі күні қазақ биінде қайта оралу жүріп жатыр. Қайта өрлеу дегеніміз не? Бір уақытта біз эстрадаға бет бұрып кеттік. Оны бәріміз білеміз. Ал қазіргі деңгейдегі би қоюшы жастар фольклорға қайта бет бұрып жатыр. Көне фольклорға би қою, сол билерді бір жаңа жаңалықпен қою. Сол фольклорды жаңарту, халыққа, кейінгі ұрпаққа түсінікті етіп қою. Сол бағытта жүріп жатқан жұмыстар бар.

Осынау бірегей мәдени мұрамыздың қайнарын сақтап қалу қамында қазақ ұлттық хореография академиясында зертхана ашылған. Онда алтын қорға енген музыкалық жауһарлар, архивтік деректер, әдістемелік құралдар мен кітаптар жиналған. Осының негізінде шәкірттер қазақ би өнерінің байырғы дәстүрінен тәлім алады.

ГҮЛСАЯ ТӘУІРХАНОВА:

 - Мен – Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студентімін. Қазіргі таңда мобильдік құрылыммен бірінші жартыжылдықта осы қазақ ұлттық хореография академиясында оқып жатырмын. Тойған Оспанқызы арқылы көптеген қазақ қол қалыптарын үйрендім. Көптеген ат шабыс түрлерін өзіме алдым. Маған қазақ биі өте қатты ұнайды.

Қазақ биі – ұлттық дәстүрді, салтты танытатын өнердің төресі десек артық айтқандығымыз емес. Оның арқауы халықтың жан дүниесі, оның таным-түсінігі, табиғатпен байланысы, философиясы. Міне осының бәрі кез келген бидің құрылымынан көрініс тауып жатады. Ұлы дала төсінде туған қастерлі қазынаны кеңге насихаттау аса маңызды. Бұл орайда қазақ биі еліміздің рухани елшісіне айналуы әбден мүмкін дейді, сала мамандары.

АНВАРА САДЫҚОВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХОРЕОГРАФИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

-  Біздің шәкірттер, біздің артистеріміз қазақ биімен көптеген халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Ұлттық дәстүрден сыр шертер бағдарламамен шетелге жиі гастрольдік сапарларға шығып тұрамыз. Шетел қауымының қызығушылығы айрықша. Олар қазақтың әсем ырғақты билерін көріп дәстүрлі өнерімізге тәнті болғандарын айтады. Әсіресе көз тартар ұлттық киімдеріміз ұнайды. Халық билері арқылы өзге ұлттарға өзіміздің ұлттық фольклорымызды да танытамыз.

Таяуда «Қазақ биі» атты деректі фильм Қазақстан кинематография одағының «Құлагер» ұлттық сыйлығын  ұтып алды. Кинотуындыда дәстүрлі хореография өнерінің тарихы баяндалады. Бұл да дәстүрлі би ел арасында жан-жақты дамып жаңғырып келетінінің тағы бір айқын көрінісі.