Данэлия Тулешова «Junior Eurovision 2018» байқауында 6-шы орынды иеленді

Данэлия Тулешова «Junior Eurovision 2018» байқауында 6-шы орынды иеленді

12 жасар Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» атты музыкалық композициясымен «Евровидение» байқауында 6-шы орынды иеленді. Отандасымыз 171 ұпай жинады. Данэлия ән байқауында көрермен көзайымы болып, онлайн дауыс беруде үздік үштіктен көрінді. Еске сала кетейік, Қазақстан жас өрендердің өнер додасына тұңғыш рет өз жүйрігін қосқан болатын. Ал «Евровидение-2018» ән байқауында Польша өкілі Роксана Вегель топ жарды. Жеңіс сатысының екінші тұғыры француз қызы Анжелинаға бұйырды. Үшінші орынға австралиялық Джаэль орналасты. Жалпы Минскіде өткен айтулы сынға 20 елдің күміс көмей жас таланттары қатысты. Біздің елімізден «Хабар» Агенттігі ұйымдастырушы ретінде қатысты.

ДАНЭЛИЯ ТУЛЕШОВА, ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН ҚАТЫСУШЫ:

 - Маған қолдау білдірген, маған демеу болған барша қазақстандықтарға алғысымды айтамын. Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Барымды салдым. Бұл – Қазақстанның Евровидениеге алғаш қатысуы. Сондықтан бүгінгі нәтижесі жаман емес деп есептеймін. Барлықтарыңызға көп раxмет. Мен сіздерді жақсы көремін.

АЛАН ӘЖІБАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Дауыс беру барысында барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, Данэлияны қолдады. Сол үшін отандастарымызға алғыс айтамыз. Себебі 20 мемлекеттің ішінде көрермендердің қолдауымен үздік үштіктен көріну шынында да айтуға тұрарлық жетістік.