Junior Eurovision байқауын қайдан көруге және Д.Тулешоваға қалай дауыс беруге болады?

Junior Eurovision байқауын қайдан көруге және Д.Тулешоваға қалай дауыс беруге болады?

Жақында Минск қаласында Junior Eurovision халықаралық байқауы өтеді.

Сайыста ел тарихында тұңғыш рет Қазақстанның атынан 12 жастағы Данэлия Тулешова өнер көрсетеді.

19 қараша күні шараның ашылу салтанатында жеребе бойынша Данэлия Тулешованың үшінші нөмірде бағын сынайтындығы белгілі болды. Жерлесіміз «Өзіңе сен» әнін орындайды.

Ал 25 қараша күні сағат 21.00-де «Хабар24» телеарнасы тікелей эфирде 20 мемлекеттің қатысушылары додаға түсетін байқауды ұсынады.

Қатысушылардың барлығы өнер көрсеткен соң қатысушы мемлекеттер дауыс беруге кіріседі. Сондай-ақ дауыс беруге 3 ересек және 2 баладан тұратын қазылар алқасы да қатысады.

Қазақстандықтар тек Данэлияға ғана дауыс бермейді, сонымен қатар өздеріне ұнаған кез келген қатысушыға дауыс бере алады. Көрермендердің дауыс беруі 23-25 қараша аралығында junioreurovision.tv сайтында өтеді. Жеңімпаз қазылар алқасы мен көрермендер дауысының ортақ шешімі бойынша анықталады.

Анықтама: Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауы 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысатын «Евровидениенің» аналогы. Қазақстан байқаудың 15 жылдық тарихында алғаш рет байқауға қатысқалы отыр. Қазақстанның аумағында байқауды «Хабар24» телеарнасы трансляциялайтын болады. «Хабар» агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, бұл мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

Толығырақ дауыс беру туралы төмендегі видеодан көре аласыз!