Junior Eurovision Song Contest 2018 байқауына 2 күн қалды

Junior Eurovision Song Contest 2018 байқауына 2 күн қалды

Беларусь астанасы «Junior Eurovision Song Contest» балалар ән байқауының ақтық сынын өткізуге сақадай-сай. «Минск Аренада» жерлесіміз Данэлия Тулешова соңғы дайындық жұмыстары жүргізуде. Данэлия Минскке келген күннен бастап сахнада орындайтын әндерін вокалдан жаттықтырушымен бірге қайталап айтып, жаттығумен жүр. Жас әншімізді қолдау үшін Қазақстаннан бір топ жанкүйер барған.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

-  Біздің бәріміз Данэлияға қолдау көрсету үшін келдік. Бұл мемлекеттік жобаға айналып отыр. Себебі тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет болайын деп тұр. Данэлия ірі беделді байқауға жұлдызды жол салады деп үміт артып отырмыз. Мүмкін ән байқауы келешекте Қазақстан Республикасында да өтіп, көптеген жас таланттар жеңіс биігіне көтерілер деп сенеміз.

Биылғы байқауға 20 мемлекеттің өнерпаздары қатысады. Бұл – осы ән байқауының тарихындағы рекордтық көрсеткіш.Көптеген продюсерлер бұл ән байқауын «музыкалық олимп» деп те атайды. Себебі бұл жас әншілер үшін шоу-бизнес әлеміне өткел іспетті. Қазір «Минск Арена» техникалық дайындықтармен қатар кештің ең маңызды тұсы – дауыс беру сәтіне де әзір. Барлығы Еуропалық хабар тарату одағының тәртібіне сай жүргізіледі.

АРУЖАН ХАФИЗ, ҚАЗАҚСТАН АМБАССАДОРЫ, БЛОГЕР:

 - Қарашаның 23-25 аралығында Данэлия Тулешоваға дауыс беруге болады. Junioreurovision.tv сайтында 5 елге және өз еліңіз үшін дауыс бере аласыз. Барлығыңызды Данэлияға қолдау көрсетуге шақырамын.

Айтулы ән байқауына Қазақ елі мен Уэльс алғаш рет сайысқа түскелі тұр. Әзербайжан, Израиль және Франция да сахнаға қайта оралған. Шараны ұйымдастырушылар да көрерменінің көңілін табу үшін барын салып жатыр. Өнерпаздардың нөмірлері анық көрінуі үшін сахнаға ондаған мың арнайы жарықдиодтар орнатылған. Ал шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 15 мыңға жуық көрермен келеді деп күтілуде.