Kazakhstan Fashion Week Astana-2018

Kazakhstan Fashion Week Astana-2018

Жаңа трендтер, стильдердің саналуандығы, түстер мен маталардың үйлесімділігі, ерекше әшекейлер мен шебер пішімдер. Көйлектер, жемпірлер, трикотаж костюм шалбарлар, жакеттер мен жейделер. Мұның бәрін Kazakhstan Fashion Week Astana-дан көруге болады. Шараға Қазақстан, Италия, Грузия, Латвия, Ресей, Бельгия мен Австралияның 17 дизайнері қатысуда. Бәрі – өз істерінің шеберлері. Астаналық сәнқойлар 3 күн бойы 2019 жылдың көктем-жаз маусымының басты бағыттарымен таныса алады. Биыл сән апталығы тың форматта өтуде, - дейді ұйымдастырушылар.

ГҮЛБАРШИН ЗАИРОВА, KFW ASTANA-2018 АМБАССАДОРЫ:

- Бұл жолы байқау өткіздік. Жас дизайнерлердің сайысы ұйымдастырылды. 1-2 ай бұрын дизайнерлік өнер бойынша өз жұмыстарын тапсырады. Оларға алдымен тапсырма беріледі. Содан кейін бірнеше қатысушы іріктеледі. Соңында олар подиумға шығып, көрсетілімге қатысады. 

600 жұмыстың ішінен ақтық сынға тек 15 үміткер өтті. Олар сән апталығы аясында өздерінің капсулалық топтамаларын ұсынады. Байқау жеңімпазы Италия мен Испания үздік дизайнерлік мектептерінде 3 апталық оқытудан өтеді. Ал жас дизайнерлердің қабілеттерін еуропалық дизайн институтының сарапшылары бағалайды.

ДЖОВАННИ ОТТОНЕЛЛО, IED ISTITUTO EUROPEO di DESIGN АРТ-ДИРЕКТОРЫ:

 - Үміткерлерге қойылатын үш басты талап бар. Ең алдымен, топтаманың кімге арналғанын білу керек. Киім сатылуы тиіс. Өзінің аудиториясы болуы керек. Топтаманы әзірлемес бұрын осыны ескерген жөн. Екіншіден, әрине, сапалы болуы тиіс. Ерекше, қайталанбас пішіндегі костюмдерді жасау жеткіліксіз. Және де мысалы Еуропа нарығына шығу үшін шет тілдерін меңгеру қажет деп есептеймін. Өйткені дизайнер шетелдіктерге өзінің өнімін ұсынады, оны дұрыс таныстыра білу аса маңызды. Осы мәселелерге көңіл бөлінсе, топтама сәтті сатылады.  

Kazakhstan Fashion Week Astana қатысушылары елдің бас шаһары әсемдік пен талғамды тартатын орталыққа айналады деген ойда. Ол әлемдік сән астаналарымен бәсекелес бола алады.

АРАЙ ӘЛІМХАН, KFW ASTANA-2018 АМБАССАДОРЫ:

 - Қазір Астана дамып жатыр, заманауи шаһарға айналды. Біз сән мен талғамның бәрі Париж бен Миланда деп ойлаймыз. Біртіндеп біз де осындай деңгейге жететін боламыз. Өйткені бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды шаралардың бірі. 

Шетелдік дизайнерлердің негізгі сән көрсетілімдерінен бөлек, нетворкинг форматындағы кездесулер өткізілді. Жиынға қатысушы жас сәнгерлер фэшн-бизнес өкілдері, медиа тұлғалар және топ-блогерлермен таныса алады.