Халықаралық «Сән мен сахна» фестивалі онжылдық мерейтойын атап өтуде

Халықаралық «Сән мен сахна» фестивалі онжылдық мерейтойын атап өтуде

Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген көйлектер, күн сайын киюге болатын түрлі-түсті кимешектер мен отандық спорт киімдері. Халықаралық «Сән мен сахна» фестивалі онжылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай елордада жас дизайнерлердің қорытынды байқауы өтті.

ХАНЫМ АЙДАШ, ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, ДИЗАЙНЕР:

-  Біз тек олардың қолтаңбаларының ерекшелігіне қараймыз. Я болмаса ол ерекшелікті тауып беруге тырысамыз. Оның ізденуіне ой саламыз. Мысалы, биыл қазіргі 10 жылдықта «Астана сырлары» деп аталады. Неге? Өйткені сәнгерге бір топтама жасау үшін бір ой салуымыз керек.

Сән әлемі мата мен түс қана емес. Ол – идея мен бейненің үйлесімділігі. Және сол идея өзгелерден ерекше болып, даралығы бірден көрінуі тиіс.  Дизайнерлер шабыт келгенде, жаңаша көзқарасты таба алады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген сәнгер Хадия Шангареева өз топтамасын әзірлегенде кофемен шабыттаныпты. Бала кезімде кофенің жарнамасын көріп, осындай түстермен киім-кешек тігемін деп шештім, -дейді ол.

ХАДИЯ ШАНГАРЕЕВА, ДИЗАЙНЕР, БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ:

 - Мен өзімнің топтамамды «Кофенің таңғажайып көрінісі» деп атадым. Киімдердің бәрі кофе түстес. Қанық жасыл, қоңыр қою түсті киімдерді ұсынамын. Бұл менің алғашқы модельдерім, өзіме ұнады. Келесі топтамаларым дайын. Бірақ өзіме кішкентай кезімнен ұнайтын кофеге арналған топтаманы әкелу қажет деп шештім. 

Қазақстандық сәнгерлер қайталанбас ұлттық нақыштағы топтамаларымен ерекшелендіреді, дейді Хадия Шангареева. Демек отандық дизайнерлердің шетелдік брендтермен бәсекелес болуына әбден болады. Алайда елдегі сән индустриясын дамыту үшін алдымен әрбір сәнқой отандық брендтермен біртіндеп таныса бастауы керек.