Данэлия Тулешова Junior Eurovision байқауында 3-ші номермен өнер көрсетеді

Данэлия Тулешова Junior Eurovision байқауында 3-ші номермен өнер көрсетеді

12 жастағы қазақстандық Данэлия Тулешова Junior Eurovision ән байқауында 3-ші номермен өнер көрсетеді. Бұл туралы халықаралық сайыстың ашылу салтанатында белгілі болды. Биылғы жылдың балалар додасы «Light up!» ұранымен өтеді. Еске салсақ, халықаралық байқауда 20 елдің өнерпаздары бақтары мен баптарын сынайды. Бұл – музыкалық байқаудың тарихындағы рекордты көрсеткіш. Қазақстан беделді жарысқа өз өкілін алғаш рет қосып отыр.

НАТАЛИЯ ЧУРАКОВА, ДАНЭЛИЯ ТӨЛЕШОВАНЫҢ ВОКАЛДАН ҰСТАЗЫ:

 - Көңіл-күй керемет. Қатысушылармен кездесіп, танысып жатырмыз. Кейбіреулерін біз тек видео арқылы ғана көрген балатынбыз. Өзімізді мерекеде жүргендей сезінеміз. Ал жарыс 25-сі басталады.

Салтанатты рәсімдегі Mapping show көрсетілімі қонақтарды таңғалдырды. Компьютерлік графика мен 3D проекция арқылы сахналанған көрініс көптің көңілінен шықты. Көрермендер байқауды қабылдаушы Беларусь елінің ұлттық фольклорымен танысты. Ал Данэлияны қолдау үшін қазақстандық делегацияны «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Алан Әжібаев бастап барды.

АЛАН ӘЖІБАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Көңіл күйіміз тамаша. Әрине қобалжу да бар. Бірақ қобалжудың да бір пайдасы бар. Әдетте ондай кезде ойлағаныңның бәрі жақсы іске асады. Жоғары деңгейдегі дайындықты көріп отырмыз. Ұйымдастырушылар  қонақтарды жылы қарсы алды. Алда әлі талай таң қалатын жайттар көп болады деп ойлаймын.

Еуропалық хабар таратушылар одағының ережесіне сәйкес, байқаудың ашылуы мен жабылуында өнер көрсететін орындаушылар аталды. Бұл құрметке Украина мен Польша өкілдері ие болды.