Британия халқы қазақ өнері мен әдеби шығармалармен танысты

Британия халқы қазақ өнері мен әдеби шығармалармен танысты

Британия халқы қазақ өнері мен әдеби шығармалармен танысты. Лондонда «Рухани жаңғыру: жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» форумы аясында отандық ақын-жазушылар мен суретшілердің еңбегі көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ жиында қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Бексұлтан Нұржекеев және Бақытжан Тобаяқ сынды танымал ақын-жазушылар жаңа кітаптарының тұсауын кесті. Ал белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығының тарихы туралы түсірген «Алмас қылыш» атты көп сериялы телевизиялық фильмін жария етті. Көркем суретші әрі мүсінші Руслан Аканаев болса, «Жыл мезгілдері» топтамасындағы еңбектерін көрсетті. Британиялық зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар қазақстандық мәдениет пен әдебиеттің жаһандық әлемге бір табан жақын болуға мүмкіндік береді.

НИК ФИЛДИНГ, ЖАЗУШЫ:

 - Қазақстандық қоғамда өте қысқа мерзім ішінде болған үлкен өзгерістер жазушыларды, кинематографистерді жігерлендірмей қоймайды.  Болашаққа бағыт алған зиялы қауымның қадамдарына куә болғалы жатырмыз.

Айта кетейік, жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақстандық әдебиет Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылатын болады. Бұл бастама халықаралық қауымдастықтың қазақстандық шығармалармен етене танысуына, ал авторларымыздың жаһандық әдеби үдеріспен біте қайнасуына жағдай жасамақ.