Алматыда XIV халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі басталады

Алматыда XIV халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі басталады

Киносүйер қауым әлемдік кинематографтың озық туындылары мен отандық майталмандардың еңбектерін тамашалайтын болады. Қарашаның 17-інде Алматыда XIV халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі басталады. Биыл шара әлдеқайда ауқымды бола түспек. Көрермендер мен қатысушыларды түркі халықтарының киносы бағдарламасы мен коммерциялық емес көрсетілімдер күтіп тұр.

КАНАТ ТӨРЕБАЙ, Ш.АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ КИНОБЕСТИВАЛЬДІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Шәкен Аймановтың кинофестивалі биыл біршама өзгерді. Біз түркітілдес әлемдің кино туындыларына мән бермекпіз. Бұл жарты миллиард халқы бар кеңістік. Оған біздің бауырлас Орталық Азия елдері, Якутиядан Түркияға дейінгі елдер енеді. Ресей Федерациясының  құрамында бірқатар республика бар. Фестивальдің мақсаты коммерциялық киноны көрсету, дамыту емес. Озық туындыларды көрерменге жеткізу болып табылады. Биылғы бағдарлама мықты деп нық сеніммен айта аламын.

Шараның байқау бағдарламасы 3 бөлімнен тұратын болады. Олардың әрқайсысы қазақ киносының майталманы Шәкен Аймановтың «Туған жер», «Тоғысқан тағдырлар», «Біз осында тұрамыз» атты туындылары сынды аталады. Кинофестивальде шығармашылық кездесулер мен шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған.

КАНАТ ТӨРЕБАЙ, Ш.АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ КИНОБЕСТИВАЛЬДІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізге 300-ден астам өтінім келіп түсті. Оларды іріктеу жұмыстары жүргізілді. 50-ден астам фильмдердің арасынан түркі фильмдері бағдарламасына 12 фильм таңдалды. «Әлемдік кино панорамасы» аталымына да 12 фильм іріктелді. Және 10 туынды – қазақстандық өнім. Олардың арасында бірнеше премьера өтті. Жуырда ғана жарыққа шыққан туындылар бар.  Қазақ киносы байқауында деректі және анимациялық фильмдер қарастырылған. Мұның бәрі көрермендер үшін аса қызық болады деген ойдамыз. Өте ауқымды шара.

Кино апталығында көрермендерге Венеция және Канн кино фестивалінің картиналары да ұсынылатын болады. Сондай-ақ Африка және Латын Америкасының озық туындылары көрсетіледі.