Астанада Денис Тенге арналған көрме ашылды

Астанада Денис Тенге арналған көрме ашылды

Әлем чемпионаты, Олимпиада,  Қысқы Универсиада мен Азия ойындарының  жүлдегері. Денис Тен барша әлемге мәнерлеп сырғанаудың хас шебері  ретінде танылған болатын. Алайда жұртшылық оның өзге қырларымен танысып үлгермеді. Денис әуен шығарып, фото түсіруге құмар еді. Олардың бірқатарын астаналықтар тыңдап, тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Елордада қазасы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған Дениске арналған көрме ашылды. Оны «Денис Тен қоры» ұйымдастырып отыр. Мұнда отбасы мен достары әртістің өнер көрсетіп жатқан сәттеріндегі суреттер, бейнежазбалар мен өзі жазып, орындаған әндерін ұсынған. Соңғы мұзды шоуда киген киімі мен конькиі де көрмеге қойылып отыр. Экспозицияның ашылуына Денистің досы – Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы ресейлік Елена Радионова Қазақстанға арнайы келді.  

ЕЛЕНА РАДИОНОВА, ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ:

 - «Денис және оның достары» шоуында түсірілген бейнені көру өте ауыр. Ол жуырда ғана болған еді. Денис – ұлы спортшы, өз елінің қаһарманы. Денисті ешқашан ұмытпаймыз, оның жарқын бейнесі мәңгі біздің жүрегімізде қалады.

«Денис Тен» қорының басты мақсаты – мәнерлеп сырғанаушының ісін жалғастырып, Қазақстанда бұл спорттың дамуына көңіл бөлу. Олар мәнерлеп сырғанау академиясын ашып, Денис Тен сценарийі бойынша түсірілген фильмді жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өлеңдер жинағы басылып, музыкалық альбом жазылатын болады.