«Жібек Жолы» жайында жаңа мульфильм жарық көрмек

«Жібек Жолы» жайында жаңа мульфильм жарық көрмек

«Жібек Жолы» жайында жаңа мульфильм жарық көрмек. Қазақстан анимациялық қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев Батыс пен Шығысты байланыстырған ежелгі керуен жолы туралы аңыздың қазақша нұсқасын ұсынады. Автордың бастамасын Ресей, Қытай және Франциядағы әріптестері қолдап отыр. Бұл Жібек Жолы жобасын насихаттайтын алқашқы толықметражды анимациялық кино болады.

ҒАЛИ МЫРЗАШЕВ, ҚАЗАҚСТАН АНИМАЦИЯЛЫҚ КИНО ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, МУЛЬТИПЛИКАТОР:

- Менің мақсатым – бұл адамдарды қарама-қайшы қылмай, бір-бірімізді қорқытпай, бір-бірімізбен мәдени қарым-қатынас жасап, қонақ болып, бір-біріміздің дәстүрімізді біліп, бір-бірімізді тану. Бұл – бір-бірімізге шыдап, төзіп, танып-біліп, күліп, соған шақыратын, соған меңзейтін бірден-біп жоба.

Мультфильмнің сценариін шетелдік әріптестерімен бірлесіп жазуға 5 жыл уақыт кеткен. Туындының бас кейіпкері – Жібек есімді қыз. Фильмде сонымен бірге айдахар, император сарайы сияқты қытай нақыштары кездеседі. Жаңа туынды Жібек Жолын насихаттап, әлем халқын достыққа шақырады. Қазақстандық мультипликатордың жобасына Қытай қызығушылық танытты.

ҒАЛИ МЫРЗАШЕВ, ҚАЗАҚСТАН АНИМАЦИЯЛЫҚ КИНО ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, МУЛЬТИПЛИКАТОР:

- Бір ризашылығым - Қытай қоғамының ішінде түсінетін, мені қабылдайтын, мені қолдайтын мамандар, азаматтар көп. Олар да айтады, біз, Қытай елі, өз ішімізде бір-бірімізге үгіттеп, Жібек Жолы деп дәлелдейміз. Ал сыртқа шығуға, Диснеймен тайталасуға, әрекет жасауға сіздің қасыңыздан табыламыз деген сөздерді естідім. Осы жерде визам бар. Бірлесіп жұмыс істейік деген ойларымыз бар.

Сонымен қатар, «Керуен» деген халықаралық аудиторияға арналған мультсериал да дайын тұр. Қазір жобаны қаржылай қолдайтын инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр.