Бейжіңде «Абай оқулары» өтті

Бейжіңде «Абай оқулары» өтті

Қытайда «Абай оқулары» өтті. Биыл IV мәрте ұйымдастырылған шараға Бейжіңде білім алып жатқан қазақстандық және қытайлық студенттер қатысты. Олар ұлы ақынның қара сөзі мен өлеңдерінен үзінді оқыды. Шараға қытайлық зиялы қауым өкілдері мен жергілікті қазақ диаспорасы келді.

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, ЖАЗУШЫ, АБАЙТАНУШЫ:

 - Енді тілі шыққан бала мен үлкейген данаға дейін, қаншама мына балалар қызықтап, Абайды жүрегінен өткізу арқылы өзінің ұлтының, елінің өкілдігін, сағынышын сезінеді, сол арқылы өзінің пікірін айтады. Бұл үлкен шара. Әрқашанда Абай арқылы өз жүрегіміздегі жақсылықтарды жаңғырта берейік демекпін.

Қытай қоғамдық ғылымдар Академиясының зерттеушісі Ван Сяоюй қазақ әдебиетімен жақсы таныс. Таяуда Астана мен Алматыда болған ол Мұхтар Әуезов туралы мақала жазып жатқанын айтады. Қытайлық оқырмандарды қазақ әдебиетінің алыбымен жақыннан таныстырғым келеді дейді. Мағжан шығармаларын қытайшаға тәржімалаған, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жақсы білетін Ван Сяоюй Абай туралы тереңірек зерттеп көрмек.

ВАН СЯОЮЙ, ҚЫТАЙ ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕУШІСІ:

- Абай шығармалары негізінен қытайлықтарға жақсы таныс. Оған дәлел, биыл көктем мерекесіндегі гала концертте Орталық телеарна ақынның өлеңінен қойылым көрсетті. Абайдың өсиеті, философиясы өте терең әрі ол әрқашан өзекті.

Алғаш рет ақынның қара сөздері мен поэзиясын қытайшаға белгілі жазушы Әкбар Мәжит, кәсіби аудармашы Ха Хуанчжан тәржімалаған. Қытай астанасында «Абай оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады. Биыл бұл шара Астананың 20 жылдығына арналып отыр.