Қараша айында Минск қаласында «Junior Eurovision 2018» байқауы өтеді

Қараша айында Беларусь астанасына әлемнің барлық қалаларынан жас дарындар жиналады. Минск қаласы «Балалар Евровидениесі-2018» байқауының қатысушыларын қабылдайды. Ұйымдастырушылар халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізуге дайындалып жатыр. «Junior Eurovision» тарихында алғаш рет Қазақстан Данэлия Төлешованы бәйгеге қоспақ. Сыншылар оның жеңіске жету мүмкіндіктерін жоғары бағалап отыр. Жас дарынды қолдау үшін Беларусьте тұратын қандастарымыз Минскіге арнайы бармақ.

ГҮЛЖАЗИРА МОЛДАЖАНОВА, БЕЛАРУСЬТЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - «Junior Eurovision» байқауына алғаш рет Қазақстан қатысатынын және Данэлия Төлешова ән орындайтынын, әрине білеміз. Ол бұл байқауда «Өзіңе сен» әнін де орындайды. 25 қараша күні Данэлияны қолдау үшін Минск-аренасына отбасымызбен бірге бармақпыз. Ол да демеуімізді сезеді деп үміттінеміз. 

Беларусь эстрадасының жұлдызы, кезінде осы сайыстың қатысушысы болған Ольга Сацюк те Данэлияға жылы лебізін білдірді. Осыдан 15 жыл бұрын Ольга да беделді байқауда өз елінің намысын қорғаған еді.

ОЛЬГА САЦЮК, ӘНШІ:

 - Ең алдымен, бұл Данэлия өміріндегі және ел тынысындағы маңызды қадам болмақ. Себебі елдеріңіздің осы байқаудағы тарихы Данэлия есімімен тікелей байланысады. Гагарин секілді тұңғыш жол салушы болу – үлкен құрмет. Данэлия осы міндетін керемет атқаратынына сенемін.

XVI «Junior Eurovision» ән байқауы Минскіде 25 қараша күні өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл халықаралық конкурсқа қатысушылар саны ең көп. Дарындылар додасын «Хабар» телеарнасының көрермендері тікелей эфирден тамашалай алады.