Қазақстан халықаралық «World Travel Show» туристік көрмесіне қатысты

Қазақстан халықаралық «World Travel Show» туристік көрмесіне қатысты. Орталық пен Шығыс Еуропадағы ең ірі шарада бүкіл әлемнен 500-ден астам туристік бағыт ұсынылды. Еліміздің ең ірі 5 туроператоры келушілерді қазақ жеріне саяхаттауға шақырды.   

ТАТЬЯНА ВЕРНИТСКАЯ, ТУРКОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Тек қана Астана мен Алматыға бару емес, бүкіл Қазақстанды көре алатындай бағыттар құрдық. Табиғатымыз керемет қой. Алматы мен Алтайдағы тауларымызды көргенде, шаттығына шегі жоқ. Еліміздің батысына барып, шөлейтте балбалдар мен түйелерді көріп таң қалады. Мұндай ғажапты өмірінде көрмеген, Еуропада ондай жоқ.

Бурабай, Шарын шатқалы, Байқоныр, сондай-ақ Жібек Жолы бойымен еліктірер саяхат жасау. Талғампаз шетел туристеріне ұсынарымыз мол. 

ӘСЕЛ РАҚЫМЖАНОВА, ТУРКОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Көптеген туристердің сұранысына ие «Ұлы Жібек жолы» секілді турларды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ Алматы аймағына турымыз бар. Оған Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен аймақтың өзге де көрікті жерлеріне бару кіреді. Туристер жағынан қызығушылық бар, көбі туристік жағынан еліміздің әлеуетін алғаш рет ашып отыр, көптеген көрікті жерлеріміз туралы бірінше рет естіп отыр.

Еліміздің павильонына келушілер қазақтың бауырсағы мен құртынан дәм татып, өз қолдарымен жент жасауға мүмкіндік алды.

КАСЯ  ВАРШАВА, ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстан стендінде таңғаларлық десерт дайындайды. Қазір дәмін татамын, бірақ дәмі сіңу үшін әлі де бірнеше минут күту керек. Мұнда Польшада кездеспейтін тәттілер бар. Сол себептен осында келдім. Қазақстанда әлі болған жоқпын, бірақ сіздерге өте барғым келіп тұр. 

Қазақстан павильонына келушілер еліміздің бай мәдениетімен де танысып жүр. Шаңқобыз, дабыл және сазсырнайдың ерекше үнін өмірінде алғаш рет естіді.

НҰРСҰЛТАН ОТАР, МУЗЫКАНТ:

Бұл жобада біз қазақ халқының музыкалық аспаптарын таныстырып жатырмыз. Бұл сазсырнай туралы айтатын болсам, оның тарихы өте көнеден басталады. XII-XIII ғасырларда өркендеген Отырар қаласында қазба жұмыстары кезінде осы музыкалық аспап табылған екен. Оған сазсырнай атын берген Болат Сарыбаев ағамызға мың алғыс. Өте жоғары қызығушылығы, әрине бай мәдениетімізді барлығын көрсете алмаймыз, азғантай бөлігін көрсеткенімізге шетелдік қонақтар үлкен таңғалыспен қабылдап жатыр. Бізге ол шабыт береді. Өз елімізбен мақтанамыз.

Биылғы жарты жылда Қазақстанға келген поляк туристерінің саны 27% артқан. Бұған визасыз тәртіп пен екі ел арасында тікелей әуе байланысының орнауы өз септігін тигізді.