Қазақтың терме-толғаулары енген альбом Лондонда таныстырылды

Қазақтың терме-толғаулары енген музыкалық альбом Лондонда таныстырылды. Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсаның және Ұлы Абайдың әндерін, сондай-ақ Шал ақын мен Дулат Бабатайұлының бұрын-соңды жарияланбаған туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали орындаған. Сондай-ақ күй-табаққа ақын-композиторлардың жаңа буынының, әрі өзінің де авторлық туындылары енген.

ЕРЛАН РЫСҚАЛИ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ:

 - Біздің ән мұрамыз тек қазақ даласында ғана шырқалмай күллі дүниеге таралса екен деген ниетпен осы Англияда шығаруға тырыстық. Үкілеп, айдарлап, «Маңмаңгер» деп ат қойдық. Мұның ішіне 38 ән кірді. Жалпы, екі күй-табақтан тұрады.

Тұсаукесерде қарапайым тыңдарманнан бастап, музыка саласының сарапшыларына дейін Ерлан Рысқалидің өнеріне тәнті болды. Соңғылары, әсіресе, оның даусын италиялық бельканто, яғни асқан шеберлікпен ән айту техникасына ұқсатты. Дыбыстан дыбысқа оңай ауысып, еркін ән айту екінің бірінде бола бермейтін шеберлік, деді олар.

ЛИАМ ТИЛИНГ, ARC LINE PRODUCTIONS LIMITED КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл – бельканто, ән шырқаудың ежелден келе жатқан тәсілі. Керемет! Белькантоны айту өте қиын. Бірақ Ерлан Рысқали оны өте жақсы алып шықты.

РАЗИЯ СҰЛТАНОВА, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІ МУЗЫКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Сіз қазақтың шексіз ұлы даласымен шауып келе жатқан жылқының дүбірін де естисіз. Теңіз толқынын да, ағаштардың шуылын да тыңдайсыз. Сіз көктемде қауыз жарып жатқан гүлдердің иісін де сезесіз. Мұның бәрі – оның ерекше дауысының арқасы.

Бүгінде кәрі құрлықты өнер атаулымен таңқалдыру қиын. Бірақ еуропалықтардың мәдениеттер әралуандылығына деген ынтызарлығы ерекше. Сондықтан олар әрі таңсық, әрі әсерлі қазақтың ұлттық өнерін биік сахнадан тыңдағысы келеді.