Анкарада қазақтардың «Көк ту» мәдени қоғамы құрылды

Түркияда тұрып жатқан қандастарымыз арасында қазақтың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттап, өзге ұлт өкілдерімен байланыс орнату. Анкарада құрылған «Көк ту» мәдени қоғамының қызметі осыны көздейді. Сондай-ақ қазақ диаспорасы ғана емес, онда қызмет ететін жерлестеріміз бен  түрлі білім ордаларында білім алатын жастарды бір шаңырақ астына ұйыстыру – қоғамның алға қойған тағы бір мақсаты.

ЛӘЗЗӘТ МУЛАЗИМОҒЛУ, ҚОҒАМ ТӨРАЙЫМЫ:

- Болашақтағы жоспарымыз қоғамымыздың аты «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамы болғандықтан, Қазақстанның мәдениетін жаңғырту, мәдениетін таныстыру, екі елдің арасындағы мәдени ұқсастықтары болсын, бірге жұмыс жасау. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты күшейту.

Жалпы Анадолы жеріне алғаш XX ғасырда көш түзеген қазақтардың түрлі қоғамдары бар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін келген қандастарымыздың басын біріктіретін мемлекеттік емес ұйым болмаған. Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчуның пікірінше, мұндай бірлестіктер түбі бір түркі жұртының ынтымақтастығын одан әрі арттырады.

ЯЛЧЫН ТОПЧУ, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - Түркі дүниесінде мемлекеттік емес ұйымдардың санын көбейтуіміз керек. Себебі, бұл сынды қоғамдар елдегі демократияның жоғарғы көрсеткіші болып табылады.

Шара соңында «Османлы мұрағатындағы деректер бойынша қазақ-түрік қатынастары» атты көрме ұйымдастырылып, қазақстандық сән үйінің ұлттық киімдер көрсетілімі өтті.