Төле би өмірінен сыр шертер телехикая түсірілімі

Төл халқыңның шежірелі тарихын тану. Түркістан облысында Ұлы жүздің дана жетекшісі – Төле бидің өнегелі өмірі мен тағылымды қызметінен сыр шертер телевизиялық тарихи хикаяның түсірілімі тәмамдалып қалды. Жоба авторлары мен түсірілім тобының айтуынша, бұл жастардың туған халқының дәстүрін жаңғыртып, түпкі тамырына назар аудартатын картина болмақ.  

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ, КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІ:

 - Біздің тарихымыз бізге ғана керек. Қазақтарда жақсы мақал бар. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Ол жеті атамызды өзіміз санап отырып қарасақ, өткен тарихымызға үңілеміз.  Сонда көз алдымызға біздің ұлттың недеген данышпандары шығады. Қазақтың мемлекет болып құрылуына бірінші тұлға болған – Абылайхан. Абылайханның кезінде кім болды? Міне бүгінгі түсіріп жатқан фильмде басты кейіпкер – Төле би.

10 сериялы кино туындыны дүниеге әкелуге үлкен шығармашылық топ жұмылдырылған. Картина авторлары Төле бидің балалық шағынан бастап  тұтас жүзді басқарған ел ағасы болған кездегі өмірі мен қызметін толықтай қамтуға тырысқан. Фильм түсірілмес бұрын тарихи оқиғаның шынайы баяндау қамында бас кейіпкердің тұсындағы кезеңнің тұрмыстық салты, халықтың дәстүрі толықтай зерттелді.

БАТЫРХАН ДАУРЕНБЕК, ФИЛЬМНІҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

 - Кішкентай бала кезінен бастап жігіттік шағын, одан кейін оның батыр болып, одан кейін оның үлкен саясаткер, одан кейін би болғанын барлығын көрсетіп өтеміз. Әрбір серияда бір мықты даулар шешіліп отырады. Бұл даулар қазақ арасындағы, ауыл арасындағы кішігірім даулар, жесір дауы дейді, жер дауы дейді, мал дауы бар.

«Жеті Жарғы» заң жинағын шығарушылардың бірі болған Төле бидің бейнесін сомдау актер үшін зор мәртебе, үлкен тәжірибе. Телехикаяда бас кейіпкердің түрлі жастағы тұлғасын ашу үшін 4 бірдей актер ойнайды.

САҒЫНДЫК ЖҰМАДІЛ, БАСТЫ РӨЛДІ СОМДАУШЫ:

 - Ол бірінші кезекте аса дана адам болды. Данышпанды ойнау оңай емес. Ұлы тұлғаның беделін, ақылын құр сөзбен жеткізе алмайсың. Оны ішкі жан дүниеңмен сезінуің қажет. Сондықтан оның бейнесін ашып, нақты образын құру – өте қиын шаруа.    

Негізгі түсірілім жұмыстары Түркістан өңірі мен облыс орталығында, Қапшағайда жүргізілді. Қазіргі таңда Ордабасы тауының бөктерінде ұрыс алаңындағы шайқастардың көріністері қойылуда. Сондай-ақ Ташкентте бірқатар эпизод түсірілмекші. Алдағы айға дейін барлық түсірілім жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Ал келер жылдың сәуір айында туынды көрерменге жол тартпақ.