Астана опера театрында жас дарындар өнер көрсетті

Астана опера театрында жас дарындар өнер көрсетті

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем әнмен тәтті күй». Біресе асау толқындай жүйткіген, енді бірде жүрекке нәзік жететін әуен тілі. Астана опера театрының қара  шаңырағын саф өнер, музыканың ақсүйегі саналатын  классикалық шығармалар үні кернеді. Осынау сұлу да, сиқырлы саз  музыка әлеміне өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен келген Қазақстанның жас дарындары салтанат құрған кеште тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. 

 

Саусағынан саз төгілген Рахат-Би Әбдісағин - классикалық музыканың жаңа дәуірінің өрені. Қазақтың қаршадай ұлы талай құрлықты асып, дарындар қатысқан бәсекелі бәйгелерде еліміздің абыройын асқақтатып жүр.  Әлемнің үлкен сахналарында берген жеке концерттерімен сала майталмандарын таң қалдырып келеді. Отандық пианист әрі композитор 17 жасында жүзден астам кесек шығармалардың  авторы атанды.  Төл туындыларын жергілікті өнерпаздар ғана емес, Еуропа мен Азия елдерінің хас шеберлері репертуарларына енгізіп, орындап жүр. Күйсандықтың құлағында ойнаған Рахат-Би әлі талай тың шығармаларды дүниеге әкелері хақ.

 

Рахат-БИ ӘБДІСАҒИН, КОМПОЗИТОР:

Бұл туындыларым заманауи академиялық музыка мәнерінде жазылған. Жалпы, классикалық әуендер өз заманының  қоғам тірлігі мен мәдениетінің айнасы іспетті. Менің туындыларым да бүгінгі зымырап аққан құбылыстар ырғағына орай көсілген ішкі сезімімнің үндестігі. Бұндай ерекше жанр Батыста енді белең ала бастады. Шығармаларым академиялық музыка әлеміндегі жаңа құбылыс саналады. Бір сөзбен осындай шығармаларды 21- ғасырдың жаңа әуендері десек болады.

 

Енді бір отандасымыз Азат Мәлік те өз өнерімен еліміздің атын шет мемлекеттерде танытып жүр. Ол - драмалық шығармаларды орындайтын Қазақстандағы ең жас опералық әнші. Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі жуырда беделді халықаралық Ева Мартон байқауының дипломанты атаныпты. Отандық күміс көмей әнші әлемнің үздік жас опера орындаушыларының ондығына енген. Көшбасшылар 500 қатысушының арасынан іріктелгенін айта кету керек.  Байқаудың арнайы жүлдесі де Азаттың қанжығасына байланды.

 

Азат МӘЛІК, ОПЕРА ӘНШІСІ:

Мені профессор Анатолй Гусев деген кісі Ла Скала академиялық театрына  оқуға шақырып жатыр. Бірер айдың ішінде Милан қаласына оқуға аттанғалы жатырмын. Содан соң Мишкольск қаласында өтетін опера фестиваліне 2017-2018 жылдардың  маусымында ән айтуға шақырды. Енді бұйыртса, алдағы жоспарларым сол. Болашақта тұрған біраз байқаулар да бар. Минск қаласында өтетін Рождественский атындағы үлкен театрда өтетін байқауға да қатысқым келеді.

 

Валторна аспабының қыр-сырын жетік менгерген Қалқаман Дүйсенбаевтың өнері де кештің көркін аша түсті. Бұл үрмелі аспап құлағында ойнау аса қиындық туғызатындықтан, Гиннестің рекордтар кітабына еңгізілген. Сондықтан оның тілін табу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мамандар елімізде валторна шеберлері жоқтың қасы дейді.

 

Маржан ЖАКЕНОВА, АСТАНА ОПЕРА ТЕАТРЫНЫҢ КАМЕРАЛЫҚ ЗАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Валторна шеберлері аса тапшы. Әлем бойынша олардың саны кемде-кем. Қалқаман Дүйсенбаев қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжді тәмамдады. Кейін шеберлігін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияда шыңдады. Ол ресейдің танымал оркестрларының  солисті болды. Кейін елімізге оралып, күрделі аспапты қазақстандықтарға танытуда еңбек етіп келеді.

 

Құдіретті классикалық музыка концерті көрерменін орнына таңып, кезекпен шыққан әр орындаушы өнері үлкен ықыласқа бөленді. Жас дарындардың қанат қағысын қатайта түсетін игі шара дәстүрге айналады, дейді ұйымдастырушылар.