Астанада «Гайа» неоклассикалық балетінің тұсаукесері өтті

Астанада «Гайа» неоклассикалық балетінің тұсаукесері өтті

Астана балет театры көрермендерін жаңа қойылыммен қуантты. Театр ұжымы өнер сүйер қауым назарына «Гайа» классикалық шығармасын ұсынды. Қазақстандықтарға алғаш рет жол тартқан тың туындыны аты әлемге мәшһүр белгиялық хореограф Рикардо Амаранте  қойып берді.  Балет  Жер Аннаның құдіретін заманауи би тілімен паш етеді. Оқиға желісінде тылсым күштер мен табиғи құбылыстардың адамзат тағдырына әсері баяндалады.  Автор жер, су, ауа от пен өсімдіктер әлемінің тоғысуын әсем саз бен көркем бидің үйлесімі арқылы жеткізуге тырысқанын айтады. Жаңа қойылымды тек ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де көрсету жоспарланған.

 

Рикардо АМАРАНТЕ, ҚОЮШЫ, ХОРЕОГРАФ:

 

Көне заманда табиғи күштерге табынушылар жер шарының құдайын «Гайа» деп атаған. Жер бетіндегі тіршілікті сол жаратты деп есептеген. Осыны би арқылы жеткізу оңай болған жоқ. Менің ойымды жүртшылыққа дәл жеткізе алған «Астана Балет» ұжымына алғысым шексіз. Еңбегіміз жемісті болды. Алдағы уақытта өзге де қойылымдарды бірлесе шығарамыз деген ойдамын.

 

Айгүл ӘБІКЕНҚЫЗЫ, «ASTANA BALLET» ТЕАТРЫНЫҢ БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

 

Бишілер әлемі үшін бұл жаңа стилистикада неоклассика стилінде қойылған би. Басқа біздің репертуарымыздағы биден өзгеше. Біздің бишілерге бұл «Гайа» балетін билеу өте үлкен бір тәжірибе жинақтау және тағыда жоғары бір сатыға көтерілу деп есептеймін. 

 

Сурет: orpheusmusic.ru