Ахмет Байтұрсынұлының татар тіліндегі мақаласы табылды

Ахмет Байтұрсынұлының татар тіліндегі мақаласы табылды

Ахмет Байтұрсынұлының татар тіліндегі мақаласы табылды. Бұл сүйінші хабарды «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі етжеңді санында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов баяндаған, деп жазады Казинформ.

 

«Жақында Қазан қаласына ғылыми іссапармен барып қуанышқа кенелдім. Татарстанның «Біздин юл» (Біздің жол) журналының 1928 жылғы 2-санынан Ахмет Байтұрсынұлының төмендегі мақаласы табылды! Бұл еңбек Қазақстандағы библиографиялардан ұшыраспап еді.

 

Мақала кейіпкері - татар арасында біздің алашшылдармен пікірлес болған қайраткер, ұлтшылдығы үшін құрбан болған, совет ұлттарының латын әрпіне көшуіне қарсы болып Ахмет Байтұрсынұлын қолдаған, түркі халықтарының бірлігі жолында қызмет қылған ойшыл, жазушы, ғалым, журналшы (жоғарыдағы журналдың редакторы болған) Ғалымжан Ибраһимов болғанмен, мұнда түркі халықтарының руханиятының тағдыры таразыланады. Мазмұнын, маңызын оқырман өзі бағалар. Мақала, бәлкім, қазақ тілінде жазылып, редакция татар тіліне аударған болар. Мақала араб негізді жазумен татар тілінде жарияланған, кирилл жазуына түсіріп, қазақшаладық. Сол мақала мәтінін және мақаланың сканерленген көшірмесін газетке беріп отырмын.

 

Кітапхананың сирек қорына жол ашып берген татар ғалымы Ким Минуллинге, татар тіліндегі мәтінді түзуге көмектескен татар ғалымы Илһам Гумеровке алғыс білдіремін.

 

Ғұламаларымыздың жазған бір әрпін де ескерусіз қалдырмай кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетсек, арман жоқ!», - деп жазады мақаласында автор.

 

Сурет: inform.kz