"Орал сазы" филармониясы БҰҰ-ның штаб пәтерінде өнер көрсетті

Нью-Йорктағы БҰҰ-ның штаб пәтерінде Ұлы дала әуендері шырқалды. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы "Орал сазы" филармониясы қазақстандық және шетелдік композиторлардың әндерін орындады. Мұндай керемет кешті  БҰҰ-ның 100-ден астам мемлекеттегі өкілдері тамашалады. Батыс қазақстандық өнерпаздар Құрманғазы, Тәттімбет пен Дәулеткерей, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев сынды біртуар өнер саңлақтарының шығармаларын нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, оркестр мүшелері әйгілі Моцарт мен Брамстың және "Битлз" тобының әуендерін де тартты. Ал, музыканттардың өнеріне тәнті болған халықаралық ұйымның қызметкерлері мен дипломаттар өнер ұжымын тағы да гастрольдік сапар жасауға шақырды. Айта кетейік, "Орал сазы" филармониясының құрылғанына биыл - 50 жыл толып отыр.

 

Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ - «ОРАЛ САЗЫ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ӘРТІСІ:

 

Бұл келген сапарымыз кешеден бері жалғасып жатқан апталық мәдени шараға өзіміздің үлесімізді  қосып, қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатында келдік. Өте қуаныштымыз.

 

Рубен ЗАМОРА, САЛЬВАДОР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БҰҰ-ҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 

Мен Орталық Америкадан келіп отырмын. Бүгінгі кеште  өнерпаздардың өнеріне қанық болдым. Қазақ оркестірі көпке танымал шығармаларды құлақ құрышымызды қандыра отырып орындады. Ал, өнерпаздардың киген ұлттық нақыштағы киім үлгісі көз жауын алады. Өз өнерімен бізді тәнті еткен қазақ еліне алғысымыз шексіз.

 

Сурет: m.khabar.kz