"Астана Дауысы" халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Астана Дауысы» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдені  Шығыс өңірінің тумасы Ербол Нариманұлы еншіледі. Енді ол Рим қаласындағы Эстрада академиясында оқитын болады. Додаға 16 мен 30 жас аралығындағы еліміздің әр түкпірінен жиналған 60-тан астам талантты өнерпаз қатысты. Дарынды жастарды еліміздің өнер майталмандарымен бірге Италиядан арнайы келген қонақ Франческо Могол бағалады. 20-шы қыркүйекте басталған байқау  гала концертпен аяқталды. Тұңғыш рет өтіп отырған игі бастамаға Астана қаласының әкімдігі мен  Қазақ ұлттық өнер университеті мұрындық болған.

 

Айман МҰСАХОДЖАЕВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Италиядан Эстрада академиясының ректоры келді. Франческо  Моголмен бірігіп, сол академияда оқу үшін біздің студентімізге грант бөлдік. Енді біздің «Астана дауысы»  жылдан-жылға шарықтай берсін.

 

Ербол НАРИМАНҰЛЫ, «АСТАНА ДАУЫСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ:

Қиындықтар болды. Өзім ойлаған жоқпын. Өйткені біріншіден, өзімнің авторлық  әнімді айтқаннан кейін. Екіншіден, шетелдік әділ қазылардың алдында айтқаннан кейін. Шынымды айтсам, таң қалдым.  Ұлы композиторымыз Кеңес Дүйсекеевтің әнімізге жоғары баға бергеннен кейін қуанышым қойныма симады.