Археологтар Құлан ауылының маңынан көне сарайдың бір бөлігін тапты

Археологтар Құлан ауылының маңынан көне сарайдың бір бөлігін тапты

Жамбыл облысы Құлан ауылының маңынан көне сарайдың бір бөлігі табылды. Мамандардың пікірінше, ғимарат сол дәуірдегі билеушінің отыратын орны болуы әбден мүмкін. Табылған екі бөлменің бірі салтанат сарайы қызметін атқарғанға ұқсайды.

 

Серік АҚЫЛБЕК, АРХЕОЛОГ:

Бұл жерде сыпалары бар. Қабырғалары түгелдей айналдыра безендірілген. Жарық беру системасы да өте жақсы. Арнайы текпешегі бар, сыпаға шығатын. Әдетте басқа үйлерде мұндай болмайды. Сондықтан, салтанат сарайы деп отырмыз.

 

Бөлменің қабырлағалары айналдыра түрлі суреттермен көмкерілген. Онда тәж киген билеуші, ту ұстаған жауынгер мен аң-құстардың бейнесі анық көрінеді. Мамандар қазір оларды қағаз бетіне түсірумен айналысуда.

 

Қуаныш ШОХАЕВ, АРХЕОЛОГ:

Хан билеушінің суреті салынған және оның жанында тәж киген уәзірлері. Сонымен қатар, аңшылыққа да көп көңіл бөлінген.

 

Келесі бөлме мамандар пікірінше ғибадатхана болған. Қабырғалары оюмен көмкеріліп, ортасындағы от жағатын орны анық байқалып тұр.

 

Серік АҚЫЛБЕК, АРХЕОЛОГ:

Ояюларының мотивтері өте бай. Тағы бір айта кететін жері – астында жүзімдіктің суреттері бар. Бұрыңғы қазбалар кезінде қала маңында шарапхана орны қазылған. Бұл жерде шарап өндірісі жақсы жолға қойылған сол заманда. Безендіруден сол өз көрінісін тауып отыр.

 

Табылған дүниелер сол замандағы тұрмыс-тіршіліктің айқын көрінісін айғақтайды. Әзірге күн суытуына байланысты нысандағы жұмыс тоқтатыла тұрмақшы. Зерттеу шаралары келесі жылдың көктемінде жалғасын табады.

 

 

Сурет: e-history.kz