Павлодарда «Алдаспан» жас ақындар клубы ашылды

Павлодарда «Алдаспан» жас ақындар клубы ашылды

Павлодар облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың жанындағы жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен «Алдаспан» жас ақындар клубы ашылды, деп хабарлайды ҚазИнформ pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

 

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысы бойынша Қазақстан Жазушылар Одағы филиалының төрағасы Арман Қани жас ақындарға сәт-сапар тіледі. 

- Бұл клубтың ашылуы аймағымыздағы тағы бір рухани орданы дүниеге әкелді. Жас ақындарымыз республикалық, халықаралық додаларда облыс абыройын асқақтады деген сенімдемін, - деді А. Қани. 

Кейін жас ақындарға «Алдаспан» жас ақындар клубының төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Саят Жүсіпбаев, орталықтың дарынды жастарға қолдау беруге әзір екендігін жеткізді. Поэзияға жаны жақын жастардың басын біріктіріп, рухани шараларды өткізу мақсатында ашылған клуб алдағы уақытта республикалық ақындар айтысы мен жыр мүшайраларын өткізбек.