Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік шара өтті

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік шара өтті

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шара Елдің батыс өңіріндегі Бөкей ордасы ауданында өтті. Оған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өзі қатысып, Жәңгір ханның, көрнекті ғалым Мұхамедсалық Бабажанов пен дәулескер күйші Дәулеткерейдің кесенесіне келіп, рухына тағзым етті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашып берген вице-премьер бұл тойдың ел тарихындағы елеулі оқиға екендігіне тоқталды. Жиында отандық ғалымдар мен алыс және жақын шетелдерден келген меймандар қазақ хандығының тарихына қатысты өздерінің ой-тұжырымдарын ортаға салды. Республикалық ақындар айтысы өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 22 ақын қатысты. Оның арты аламан бәйгеге ұласты. Көпшілік ашық аспан астындағы театрландырылған қойылымды да қызыға тамашалады.

 

Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында терең тарихымыз ғұндардан басталып, Алтын Ордада орныққандығын, одан әрі Қазақ хандығымен ұласқандығын, тәуелсіздік негізі сол кезде қаланғандығын айрықша айтқан болатын. Жәнібек, Керей, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір секілді көрнекті ел билеушілердің мұраты – елді, жерді болашақ ұрпаққа, яғни, бүгінгі бізге көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Соның арқасында қазақ халқы тарих қойнауына жұтылып кеткен жоқ, сақталып қалды.

 

 

Сурет: mgorod.kz