«Құмай археологиялық-этнографиялық кешенінде» аспанасты мұражай ашылады

«Құмай археологиялық-этнографиялық кешенінде» аспанасты мұражай ашылады

2017 жылы «Құмай археологиялық-этнографиялық кешенінде» аспанасты мұражай ашылады. Өткеннен сыр шертер тарихи жәдігерлер Ақмола өңіріне қарасты Ерейментау ауданының Қарағайлы ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Қазірдің өзінде бұл жерге саяхатшылардың қызығушылығы байқалады.

 

Даниела БАХУС, САЯХАТШЫ:

- Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрмын.Алайда Қазақстанға үшінші мәрте аяқ басуым.  Өзім Лисабон қаласының тұрғынымын. Қазақ халқының тарихы өте бай екеніне көзім жетті.Көне ескерткіштердің осындай күйде сақталуы таң қаларлық.

 

Ерлан АХМЕТОВ, ҚАРАҒАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Шетелдіктерді шамамызша қарсы алып, салт-дәстүрімізді көрсетіп жатырмыз. Енді қазақ болған соң қонақжайлымыз ғой. Етімізді асып, бауырсағымызды пісіріп.

 

4 мың жылдықты қамтитын түркі халықтарының жерлеу және ғұрыптық құрылыс  үлгілері 7 шақырымдық аумақта тоғысқан. Жақын арада бұл тізімге тағы бір байырғы заман мәдениеттің қосылуы ғажап емес дейді, археологтар. 

 

Михаил БОНДАРЕВ, ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУШІ:

- Бұл Қарағайлы 8 ескерткішінде қазір тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде ғұндардың ғұрыптық үйі болған деп болжап отырмыз. Өйткені дәл маңында мұртты қорғандар орналасқан. Және қорған шеңбер пішіндес.  Бұл тек ғұндарға тән. Бірақ дөп басып айту әлі ерте.

 

Құмай кешеніндегі балбал тастардың құндылығы мен маңызын зерттеу жұмыстары 2009-шы жылы басталыпты. Алдымен ерте түркі кезеңіне жататын Қосбатыр мүсін тастары анықталған. 

 

Айман ДОСЫМБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

-  Елім жерім суым деп ант береді. Ант суын ішеді. Оң қолында - құмыра. Сол қолында - қанжар. Қыр мұрындары, көздері, мұрттары батыр екендерін көрсетеді.

 

Бүгінде балбалтастар саны 15-ке жетіп отыр. Жуырда  табылған Түркі қағанатының  әйел бейнесі сомдалған мүсін де шежірелі мұралардың қатарын толықтырды. 

 

1,5 мың жылдық тарихы бар мына түркі қағанының ескерткіші өзге мүсіндерден алдымен көлемімен ерекшеленеді. Оның бойы 2,5 метрден асады. Кезінде бұндай ірі мүсіндер тек билеуші тарапқа соғылғаны тарихтан белгілі. Түркі халқы маңына жиналып сыйынып, құрбан шалғандығын қазба жұмыстары кезінде табылған мына мал сүйектері айғақтайды.

 

Ал Құмай өзенінің сол жағалауындағы ұзындығы 2 мың ені 700 метрлік аумақ  тура 40 ғасыр  бұрын  жерлеу рәсімдеріне арналған екен. Бүгінде көне қола дәуірінің моласында жүздеген жерлеу ескерткіші анықталған.

 

Айман ДОСЫМБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- Бірнешеуін өзіміз зерттедік. Соның ішінде қоладан жасалған көп әшекейлер, қыштан жасалған ыдыстар бар. Біз орнаментациясына қарап,+өзіміздің лабораториямызда  зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

 

Археологтар әлі де жер қойнауында  тарихтың ақтаңдақ беттерін ашар талай көненің көзі  жатқанына сенімді.

 

 

Сурет: www.youtube.com