Итальяндық режиссер «Абай» операсын қояды

Итальяндық режиссер «Абай» операсын қояды

Атақты итальяндық қоюшы-режиссер А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсымен жұмыс жүргізуде. «Астана Опера» ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде көпшілік назарына премьераны ұсынуға қат-қауырт дайындалуда.

 

Джанкарло Дель Монаконың ұлттық опералармен жұмыс жасауда тәжірибесі мол, оның итальяндықтармен қатар немістерге, француздарға, орыстарға жасаған туындылары дүние жүзінде жоғары бағаланады. Маэстроға Метрополитен Опера театрында қойған қойылымдары үлкен атақ әкелді, солардың ішінде Пуччинидің «Батыстан келген қыз», Вердидің «Симон Бокканегра» және Вердиді зерттеумен айналысатын американдық институттың марапатына лайықты деп танылған «Тағдырдың күші» қойылымдары бар. 

 

«Абай» операсын қолға алмас бұрын қоюшы қазақ халқының тарихымен ұзақ танысты. Шағын сұхбат берген Джанкарло Дель Монако мырза Абайдың тау тұлғасын оны суреттегілердей жаңаша сомдауды көздемейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – сан қырлы тұлғаның асқақ рухани байлығын жеткізу. – Қазақ халқы үшін Абай өте маңызды. Ол қоғамдық-саяси және мәдени ағарту ісінің жасампазы еді, оның мақсаты да осы. Ол қашанда болашақты ойлап, халықтың қамын жеп, сол халықпен бірге болды. Қарапайым жұрт үшін Абай ешнәрседен аянып қалған жоқ, олармен білімімен бөлісті, оның парсы, араб, орыс және басқа тілдерді меңгергені және әдебиеттерді түпнұсқада оқығаны белгілі. Сондай-ақ, мен оны мықты саяси кейіпкер ретінде көрсетемін. Ол тұтас бір мемлекеттің өкілі, олай болса, ол – саясаткер, дәлірек айтсақ, мәдени саясатпен айналысты. Осы тұрғыдан алғанда композитор сөздің құдіретті күшіне ие ақынға қарағанда анау айтқандай қауіпті емес екенін айта кетейін. Абай – жаны жарқын адам, ол бүкіл қазақтың атынан өзінің мәдениетін жетізуге ұмтылды, - деп атап өтті қоюшы режиссер. 

 

Спектакльдің сценографиясын қазақстандық көрерменге танымал итальяндық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино, сонымен қатар қазақстандық мамандар әзірлейді. Режиссер келіссөздер ұзақ жүргенін, сценографпен қойылымның ұсақ-түйегіне дейін талқылағандарын және операны қазіргі заманға сай етіп, жаны – Абай болып табылатын бүгінгі Қазақстанды көрсетуге келіскендерін тілге тиек етті. 

 

Сценограф кинематографияның тұжырымына бой ұрды. Операда кинодағыдай әсер болады деп күтіледі. Қоюшылардың ойластыруы бойынша сахна барынша ашық болады, мұндай көрініс өзге елордалық театрлардың спектаклінде болмаған, сахнаның 20 метрлік кеңістігі көрініске жұмыс жасайды. Мұнымен қатар аталған операда сахнаның барлық техникалық мүмкіндігі, сондай-ақ 3D әсер түріндегі заманауи әдістер қолданылады. 

 

Маэстро «Астана Опера» театрына жоғары баға беріп, өнер ордасын әлемнің атақты сахналарымен қатар қойды. – Бұл қойылым әлемдік сахналарда қойғанға лайықты болады деп ойлаймын. Туынды көпшіліктің көңілінен шығып, міндетті түрде оны гастрольге алып шығуға болады деп үміттенемін, - дейді Джанкарло Дель Монако. 

 

«Абай» операсының қоюшы дирижері белгілі дирижер, аты аңызға айналған композиторымыз Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев екенін атап өткен жөн. Маэстро Бөрібаев «Абайдың» еуропалық тұсаукесерін 2012 жылы Алманиядағы Оңтүстік Тюрингияның мемлекеттік операсының сахнасында жүзеге асырып, туындыны өз редакциясында паш еткен еді, автордың түпнұсқадағы ойларын жандандыра отырып партитураны қателер мен түзетулерден тазартты. Астанада «Абай» операсы сол орындаған редакцияда қойылады. Жұмысқа әлдеқашан кірісіп кеткен маэстро «Астана Опера» солисттерін тыңдап, олардың дайындығы жақсы екенін атап өтті.

 

Қойылым екі актіден және бес көріністен тұрады.

 

 

Ақпарат көзі: baq.kz