«Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» фильмі қазақ тіліне аударылды

«Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» фильмі қазақ тіліне аударылды

«Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» фантастикалық фильмі қазақша сөйледі. Туындының тұсауы Астанада кесіліп, қалың көрерменге көрсетілді. Соңғы жылдары елімізде әйгілі голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау қарқын алды. Соңғы 4 жылда 13 кино мемлекеттік тілге аударылған. Ал бүгінгі жобаны жүзеге асыруға 25-тен аса актер ат салысып, басты кейіпкерлерді Шахмұрат Ордабаев, Сәуле Тұрдахунова, Жасұлан Байсалбеков пен Гүлназ Әуесбаева дыбыстады. Жоба Алматы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы мен «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен жарық көріп отыр. Картинаны қазақша сөйлетудегі мақсат қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру дейді мамандар.

 

Қуандық БИШІМБАЕВ, «БОЛАШАҚ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «БӘЙТЕРЕК» ҰБХ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 

Қазақ тілімізді дамыту, қазақ тілімізді тарату және жастарға үйрету ол әрине тәуелсіздігіміздің ең терең, ең маңызды құндылық деп санаймыз. Сондықтан осылай қатысып, балаларыңызға қазақ тілін үйретіп, қазақ тілін дамытайық.

 

Шахмұрат ОРДАБАЕВ, Қ.ҚУАНЫШБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

 

Бұндай жанрмен мен бұрын-соңды жолыққан емеспін. Бірақ  өзім бұл киноның жанкүйерімін. Ең қызықты сәттерінде бар даусыммен айқайлап, шайқасып жатқан кездегі дауыстарды салу сәл қиындау болды. Себебі менің даусым оған қарағанда сәл бәсеңдеу болды. Бірақ жақсы дайындықтың, режиссердің көмегінің арқасында бұл шаруаны шештік, бұл аяғына дейін жетті.

 

Сурет: lidernews.com