Орталық Азия елдері туризмді дамытуға ден қойды

Орталық Азия елдері туризмді дамытуға ден қойды

Туризм индустриясы дамудың қозғаушы күші ретінде. Орталық Азия елдері туризм саласының барлық әлеуетін пайдалануға ниетті. Сарапшылардың пікірінше, оның ішінде Ұлы Жібек жолына деген әлемнің түкпір түкпіріндегі саяхатшылардың қызығушылығы аса маңызды. Осылайша, «Керуен - қазіргі заманғы көшпенділердің туризмі» қазақстандық экспедициясының мүшелері келесі жылы орнатуды жоспарлап отырған алғашқы керуен-тұрақ орнын анықтады. Кемпинг Алматы маңындағы Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында, Аюсай шатқалында орналасады. Қазір онда саяхатшылар тобы автотуристер үшін тиісті геолокация белгісі бар арнайы тақтайшаны орнатып қойды. Болашақта арнайы күзетілетін алаңда автоүй орнатуға немесе шатыр тұрғызуға, сондай-ақ электр энергиясына қосылу мүмкіндік болады.

«Керуен мәдениеті басқа елдерде өте дамыған. Керуендер автономды, қаражатты аз жұмсайды, тек азық-түлік пен бензин сатып алады. Қазақстан алуан түрлі ландшафтар мен мәдени ескерткіштерге бай ел, автокөлікпен жүру ыңғайлы. Сондықтан осы жылға біздің компания бекіткен бюджет, сондай-ақ шетелде имидждік маркетингтік іс-шараларды өткізуге салынған сметалар қайта қаралды. Бұл үшін туристік сала мамандарына және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне рахмет, олармен бірге біз жаңа стратегия әзірледік», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК төрағасы Ержан Еркінбаев.

Автотуристер оннан астам үздік ыңғайлы тұрақ табуды жоспарлап отыр, өйткені оларды Қытаймен шекарадан Өзбекстанмен шекараға дейін 2000 шақырымнан астам жол және картадан 14 бекет күтіп тұр. Айта кету керек, алғашқы бес күнде экспедиция мүшелері Жаркент бағыты бойынша 1300 шақырым жолды жүріп өтті. Болашақ тұрақтарға Сарыөзек, Басчи, Кеген, Бестөбе су қоймасы, Шарын шатқалы, Малыбай және Ғұндардың киіз үй керуені сияқты орындар зерттелді.

«Экспедиция жұмысының нәтижесі бірыңғай қолданбалы еңбек болады, ол әртүрлі тілдерге аударылып, ұсыным ретінде жергілікті әкімдіктерге таратылады. Бұл керуеншілерге арналған Қазақстанға еркін, қауіпсіз және сенімді кіріп, оның әдемілігін тани алуы үшін, сондай ақ жолдың қай кезеңінде нені түзету және қосу қажет екені анық және түсінікті көрсетілген чек-парақтар болады», - деп атап өтті Ержан Еркінбаев.

Туризм Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан сынды өзге де елдерде қарқынды дамып келеді. Мәселен, таяуда Еуроодақ жоғарыда аталған елдерге әсер ететін туризмді дамыту жөніндегі арнайы бағдарламаның іске қосылғаны туралы хабарлады. Ол 2023 жылға дейін іске асырылатын болады, ал жобалардың бюджеті шамамен 4 миллион долларды құрайды. ЕО-тың Тәжікстандағы өкілдігінің хабарлауынша, бұл қаражаттың бір бөлігі туризм үшін тұрақты энергетикаға екі миллион еуродан астам және Жібек жолы бастамасына 1 миллион еуродан астам қаражат қарастырылған.

«Тәжікстан бизнесті дамытуды күшейтуге, қоғамдастықтар негізінде туризмді қолдауға, тұрақты энергияға қолжетімділікті кеңейтуге, шағын ауыл кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және туристік сектордағы көміртегі ізін ұзақ мерзімді қысқартуға бағытталған іс – әрекеттерден пайда көреді.  Олар жобалар шеңберінде жүргізілетін болады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Еуроодақтың еліміздегі өкілдігі соңғы екі жылда Орталық Азияның осы елдеріне туристер ағыны айтарлықтай өскенін атап өтті.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: ia-centr.ru


×