Орталық Азия журналистерінің MediaCAMP Fest II медиа фестивалі басталды

Орталық Азия журналистерінің MediaCAMP Fest II медиа фестивалі басталды

Орталық Азияның жыл сайынғы MediaCAMP Fest II медиа фестиваліне  Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген 500-ден астам маман қатысуда. MediaCAMP аймақтық бағдарламасы – АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара. Ол 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестиваль аясында онлайн режимінде тренингтер, дәрістер, кино көрсетілімдер, түрлі сессиялар, пікірталастар мен ток-шоулар өтеді.

«Биыл біз бес жылдық MediaCAMP-тің бағдарламасы аясында екінші фестиваль мен байқау өткізудеміз. Бұл фестивальді «Өзгеріс әлеміндегі Журналистика» деп атауымыз жайдан жай емес. Қазіргі жағдай өзгеріске дайын болу керектігін дәлелдеді. Біз журналист мамандығының қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Пандемия журналистика мен БАҚ-тың маңызды екенін түсінуге көмектесті», - деді фестивальдің ашылуында Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің директоры Марат Биғалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, MediaCAMP Fest аймақтық журналистер үшін кәсіби алаңға айналды, онда олар тәжірибелерімен және идеяларымен бөлісіп қана қоймай, карантиндік шаралар кезінде COVID-19 индетінің ерекшеліктері туралы өз мемлекеттерінде ақпарат тарату кезіндегі қиындықтары туралы да айта алады.

«Біз бұқаралық ақпарат құралдарын тыныш орта қалыптастыруға тырысқан кездерінде қолдағанымызға қуаныштымыз. Қазіргі пандемия еркін медианың қаншалықты маңызды екенін, ақпаратқа шексіз қол жеткізу және азаматтардың құқықтары қаншалықты қажет екенін тағы да көрсетті»,- деп атап өтті USAID Орталық Азиядағы өңірлік миссиясының директоры Кристофер Эдвардс.

Айта кетейік, фестиваль аясында 15 және 16 қыркүйек күндері «YouTube журналистикасы», «Журналистер өз брендін қалай дамыту керек», «Эмоциялық күйіп-кетудің алдын алу», «Ғылыми жетістіктерді қызықты түрде ұсыну» сияқты шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар, Аrtdocfest деректі киносының онлайн фестивалі аясында танымал ресейлік режиссер және продюсер Виталий Манский жүргізетін тәуелсіз ойынсыз кино фестивалін тамашалауға мүмкіндік болады. 17 қыркүйекте Қазақстан мен Тәжікстанда журналистикадағы этика бойынша қазақ және тәжік тілдерінде екі ток-шоу өтеді. Фестиваль 19 қыркүйекте MediaCAMP Award журналистер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: internews.kg