COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

Өзбекстан коронавирус індетімен күреске білек сыбана кірісті. Бұған дейін ДДСҰ және оның Еуропалық аймақтық кеңсесінің белсенді мүшесі ретінде Өзбекстан ұйымның коронавирустық вакцинация бағдарламасына қосылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау мен тарату бойынша «COVAX» халықаралық механизміне 172 мемлекет қосылған. Ұйым барлық вакцина өндірушілермен ынтымақтастық жасайды. Бұл механизм барлық мүше елдердің лицензияланған және бекітілген вакциналарға тең қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазірдің өзінде COVID-19 қарсы екпені Өзбекстанға аспан асты елі де беруге дайын. Алайда, ала шапанды ағайын әлі келісімге қол қою жағын ойластыруда. Әзірге ауруды жеңуде алдыңғы шепте жүрген жергілікті дәрігерлермен бірге Қытай елі мен Ресей Федерациясының медицина қызметкерлері қол ұшын беруде. Өзбекстандық дәрігерлер карантиндік шаралардың жеңілдегеніне орай вирустың таралу ықтималдылығы тағы арта түседі ме деп қорқыныш білдіріп отыр. Айта кетейік, елде оқшаулау режимінің алынғандығына 10 күн болып қалды. Сондықтан вакцина қазіргі қиын-қыстау жағдайдан шығудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда республикада эпидемиялық жағдай әзірге тұрақты.

Бүгінде Өзбекстанда Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша 40 600-ден астам адам індеткен шалдыққан. Көрші Қырғызстанда пандемия басталғалы инфекцияға шалдыққандар саны - 43 587 жеткен. Тәжікстанда 8500-ге жуық науқас анықталған. Мұнда бір тәулікте ауруды жұқтырғандар саны 36 адамға көбейген. Сонымен қатар елде мыңға жуық науқас үй жағдайында ем қабылдауда.

Түркменстанда коронавирус жұқтырудың бір де бір ресми дерегі тіркелмеген.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: news.mail.ru