Орталық Азия елдері Жапониямен өзара іс-қимылды күшейтеді

Орталық Азия елдері Жапониямен өзара іс-қимылды күшейтеді

Коронавируспен күрестегі тиімді өзара іс-қимылды тереңдету, оның өңір экономикасы үшін жағымсыз салдарын еңсеру және сыртқы экономикалық қызметті жандандыру. «Орталық Азия + Жапония» диалогы Сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс кеңесінде осы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Бейнеконференция форматында өткен жиынға Қазақстан СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді де қатысты. Тараптар эпидемиологиялық жағдай, бір-біріне гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі өңірлік ынтымақтастық, азаматтарды шет елдерден қайтару мәселелері, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық пен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру перспективаларын сөз етті.

Қазақстандық тарап Жапония Үкіметіне пандемияға қарсы күресте жан-жақты қолдау көрсеткені және біздің елдеріміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерінің озық тәжірибелерді енгізу бойынша өзара іс-қимылын нығайтуға және вакцина мен жаңа медициналық препараттарды әзірлеу мен ғылыми-практикалық көмек көрсетуге әзірлігі үшін ризашылығын білдірді.

Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомстволардың басшылары осы формат шеңберінде өзара сауда-экономикалық іс-қимылды қалпына келтіруге бағытталған практикалық күш-жігерді біріктіру туралы шешім қабылдады. Осы ретте Жапонияның экономикалық және технологиялық әлеуетін жалпы Орталық Азия экономикасын жаңғыртуда және бірлескен жобаларды іске асыруға қолданудың өзектілігі айтылды. Және келесі  жылы Токиода өткізу жоспарланған 8-ші кездесуде жапон бизнесінің қатысуымен сауда, инвестициялар және агроөнеркәсіптік кешен саласында нақты ұсынымдар әзірлеу келісілді.

Еске салсақ, «Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапонияның бастамасымен құрылып, алғашқы кездесу 2004 жылы Қазақстан астанасында өткен. Формат шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – саяси диалог, өңірішілік ынтымақтастықты дамыту, бизнесті көтермелеу, зияткерлік диалог, мәдени байланыстарды дамыту.