COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

Азия даму банкі Өзбекстандағы денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайға қарсы тұру, соның ішінде коронавируспен күресте көмек көрсету үшін 100 млн доллар несие бөлетін болды. Аталған жоба аясында алдағы екі жылда COVID-19 бойынша  тестілеу, диагностика жасау және шара қабылдау жүйесін жетілдіру қарастырылған. Ол ел зертханаларында вирус және онымен байланысты аурулар бойынша тестілеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Жоба аясында эпидемқадағалаудың және COVID-19 жағдайларына әрекет етудің цифрлық жүйесі құрылады. Оны жүзеге асыру қазірден қола алынып, 2022 жылы аяқталмақ.

Ресми мәліметке сәйкес, Өзбекстанда осы күнге дейін вирус жұқтырғандар саны 26 мыңнан асты. Инфекция бас көтергелі 157 науқастың өмірін жалмады.

Ал Қырғызстанда COVID-19 науқастары орналасқан емдеу мекемелерін қосымша жарақтау күшейтілді. Мемлекеттік бюджет есебінен арнайы ұшақпен Қытайдан сыйымдылығы 10 литр болатын 78 оттегі концентраты жеткізілді. Бұдан бұрын Аспан асты елінен 5 литрлік 1500 дана оттегі концентраты алынған болатын. Келесі аптада тағы бір партиясы күтілуде. Республика Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғызстанда 37 мың 500-ден аса коронавирус жұқтыру жағдайы анықталған. 4 тамыздағы жағдай бойынша, ресми тіркелген науқастардың 76 проценттен астамы коронавирустан және ауруханадан тыс пневмониядан айығып шыққан. Қазір ауруханаларда 7 мың 300-ден аса адам ем қабылдауда. 1427 науқас вирус құрбаны атанды.  

Ал Тәжікстанда өткен тәулікте 43 адамда COVID-19 инфекциясы анықталды. Жалпы, бүгінгі таңда елде 7538 коронавирус жағдайы ресми расталды. 61 науқас инфекциядан қайтыс болды.

Түрікменстанда коронавирус жұқтырудың бір де бір ресми дерегі тіркелмеген. 6-15 шілде аралығында елде арнайы миссиямен болып қайтқан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осындай мәлімдеме жасаған. Республика Денсаулық сақтау министрлігі жақында арнайы бұйрық шығарып, отбасылық дәрігерлерге үй-үйді аралап, тұрғындардың тыныс алуын тексеріп, олардың денсаулық жағдайы туралы есеп толтыру жүктелді. Сондай-ақ, азаматтарға жеке тазалық талаптары, маска, антисептиктің бар-жоғы туралы сұрақтары бар сауалнама толтыру ұсынылады.

 

Фото: gazeta.uz