Орталық Азия елдері COVID-19 індетімен күрес шараларын күшейтуде

Орталық Азия елдері COVID-19 індетімен күрес шараларын күшейтуде

Өзбекстанда шілде айында енгізілген карантин 15 тамызға дейін ұзартылды. Бұл шешімді коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия қабылдады. Сонымен қатар киім базарлары, азық-түлік емес дүкендер, спорт залдар, фитнес-клубтар, бассейндер, тамақтану орындары, санаторийлер, балалар лагерлері, қонақ үйлер, жағажайлар және басқа да демалыс орындары әлі де жабық күйінде қалады.  

Сондай-ақ, бұқаралық шараларға, үйлену тойларына және басқа да отбасылық мерекелерге тыйым салынған. Үш адамнан көп топ көшеде және қоғамдық жерлерде жиналуына болмайды. 65 жастан асқан адамдардың  көшеге шығуына тыйым салынған.

«Азаматтардың шектеулерді қатаң сақтауы, атап айтқанда, өзін-өзі оқшаулау, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтау, медициналық маскаларды, жеке қорғаныс құралдары мен антисептиктерді қолдану, сондай-ақ санитарлық нормаларды сақтау:коронавирус індетінің таралу тізбегін бұзады», - делінген арнайы республикалық комиссияның хабарламасында.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Өзбекстандағы COVID-19 оқиғаларының жалпы саны 20 531-ге жетті, сауықандар саны - 10 831 адам. 116 науқас қайтыс болды.

Ал Қырғызстанның 10 ірі қаржы институты республиканың Денсаулық сақтау министрлігіне гуманитарлық көмек көрсетті. Олар алты желдеткіш, 100 оттегі концентраторы және 1000 пульсоксиметр сатып алып берді.

«Бұл қолдау елдегі эпидемиологиялық жағдайдың өсуі жағдайында дер кезінде көрсетілді. Берілген медициналық жабдық коронавирус инфекциясы мен пневмониямен күресте өте маңызды. Алынған жабдықтар «Семетей» мен басқа да медициналық ұйымдарға тапсырылады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Қалысбек Шадыханов.

Айта кетейік, соңғы бір тәулік ішінде Қырғызстанда COVID-19 індетін 548 адам жұқтырған. Жалпы, эпидемия басталғаннан бері мұнда 33 844 коронавирус дерегі расталған. 1329 науқас қайтыс болса, 22 965 адам аурудан айығып шыққан.

Ал Тәжікстанда отандық өкпені жасанды желдету құрылғыларын сынау аяқталды. Республика Ғылым академиясының президенті Фарход Рахимидің айтуынша, жетекші тәжік физиктері вентиляторларды жасауға тартылған. Жүргізілген сынақтар құрылғылардың тиімділігін көрсетті. Кәсіпорындар олардың жаппай өндірісімен айналысуды қолға алмақ. Айта кетейік, елдің Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, күніне COVID-19 жұқтырудың 43 жаңа жағдайы тіркелді. Індет басталғаннан бері республикада 7235 адам инфекцияға шалдыққан. 6028 азамат аурудан сауығып шықты.

Түркменстанда билік Құрбан айт кезінде жаппай шараларға шектеу қойды. Бұл вирустың алдын-алуға байланысты қолданылып отыр. Бұған дейін республиканың денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға бетперде тағу туралы ұсынған еді. Дегенмен билік әлі де COVID-19 инфекциясының расталған дерегін жоққа шығарып отыр.

 

Фото: kloop.kg