Өзбекстанда «Абайдың дана сөзі» атты кітап жарыққа шықты

Өзбекстанда «Абайдың дана сөзі» атты кітап жарыққа шықты

«Абайдың дана сөзі». Өзбекстанда жарық көрген ұлы ақын туралы кітап осылай аталады. Жинақ Жазушылар одағының бастамасымен және «Ижод» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды ӨзА агенттігі.  

Кітап авторы Қодиржон Носировтың ойынша Абай шығармашылығы туралы туынды әдебиетшілер арасында үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені Абай тек қазақ ғана емес, бүкіл Орта Азия халықтарының ағартушылық өмірінде ерекше орын алатын тұлға.

Қодиржан Носиров бұған дейін де мақалалар жазып, Абайдың өмірі мен қызметі туралы оқу-әдістемелік құралдар жасаған. Әдебиетшілердің пікірінше, жаңа туындыда автор деректер негізінде қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы Абайдың рөлін көрсетуге, сондай-ақ ұлы ойшыл мұрасының идеялық-эстетикалық құндылығы мәселелеріне өзіндік көзқарасын білдіруге тырысады. Кітапта Абайдың сөз өнеріндегі жаңашылдығы, қоғам қайраткері ретінде жан-жақты жетілген, толық адам туралы арман-тілектері көрсетілген.

Айта кетейік, Өзбекстан Жазушылар одағы әлем халықтарының әдебиетін зерттеу және насихаттау, осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бауырлас халықтардың әдебиетін насихаттау мақсатында «Әдебиет достығы – мәңгілік достық» айдарымен жаңа кітаптар басып шығару ісі жалғасын таппақ.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов