COVID-19: Орталық Азия елдері инфекциямен қалай күресуде?

COVID-19: Орталық Азия елдері инфекциямен қалай күресуде?

ДДСҰ еуропалық аймағында COVID-19 жұқтырудың дерегі тіркелмеген жалғыз мемлекет – Түрікменстан. Бұл туралы Ашхабадта өткен брифингте ұйымның Еуропалық өңірлік бюросы миссиясының басшысы Катрин Смолвуд мәлім етті, деп хабарлайды республиканың СІМ.

Еске салсақ, халықаралық ұйымның 5 сарапшысынан құралған делегация Түрікменстанға коронавирусқа қатысты ахуалды зерттеу үшін барған. Мамандар елдің барлық аймақтарында медициналық мекемелерге, қоғамдық денсаулық орталықтарына, зертханаларға барып, дәрігерлермен кездесті, эпидемиологиялық қадағалау саласында жүргізіліп жатқан шаралармен танысты.

«Түрікменстанда атқарылған жұмыс туралы толық ақпарат біздің есепте көрініс табады, оны жақын уақытта жариялайтын боламыз», - деп хабарлады сарапшы.

Ал Қырғызстанда медициналық қызметтерді жарақтау күшейтілуде. Республиканың Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді тасымалдауға және шұғыл көмек көрсетуге арналған медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған 13 жедел жәрдем көлігін сатып алды. Машиналар 7 облысқа таратылады.

Жалпы, маусым айының ортасынан бері Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейген. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы 24 сағат ішінде елде 521 адамға СOVID-19 диагнозы қойылған. Бүгінгі күні республика бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 12 458-ге жетті. Өткен тәулікте 7 науқас көз жұмды. Ал пандемия басталғалы елде індет 167 адамның өмірін жалмаған. Сонымен қатар, Қырғызстанда ауруханадан тыс пневмонияға шалдығу жиілеген. Өткен бір күн ішінде өкпенің қабынуынан 41 пациент қайтыс болды. Оның 21-і – Бішкекте, қалғандары – аймақтарда, деп хабарлайды республикалық штаб.

Өзбекстанда карантин шаралары қайта енгізілгенімен, әзірге коронавирус жұқтыру көрсеткішін төмендету мүмкін болмай отыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, осыған байланысты президент селекторлық кеңес өткізген. Шавкат Мирзиеев Өзбекстанда КВИ-мен күресу үшін барлық резервтер және мүмкіндіктер барын айтты. Ол азаматтарды пандемия жағдайында өмір сүруге және жұмыс істеуге дағдылануға шақырды және бұл әркімнің жеке жауапкершілігі екенін атап көрсетті. 16 шілдедегі жағдай бойынша, елде 14 581 коронавирус науқасы тіркелген. 71 пациент аурудан қайтыс болды.

Тәжікстанда коронавирус медициналық университеттің бес оқытушысының өмірін қиды. Бұл туралы Душанбеде журналистерге ТММУ ректоры Махмадшох Гулзода хабарлады. Медициналық оқу орнының оқытушылары 37 клиникада тәжірибе жинақтап, пандемия басталғалы 129 педагог дәрігер ретінде қызмет атқарған. Бүгінгі ахуал бойынша, Тәжікстанда COVID-19 науқастарының саны – 6 695. Оның 5 мыңнан астамы аурудан айығып шықты, 56 адам қайтыс болды. Тәжікстан коронавирус жұқтырғандардың саны жөнінен әлемде 87 орында орналасқан.

 

Фото: kg.akipress.org