Central Asia Nobel Fest Live: әлемнің атақты ғалымдары қандай тақырыптарды талқылайды?

Central Asia Nobel Fest Live: әлемнің атақты ғалымдары қандай тақырыптарды талқылайды?

Алдағы күзде әлемнің ең мықты ғалымдары онлайн платформада бас қосып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сарапқа салмақ. Тұңғыш рет Орталық Азиялық Central Asia Nobel Fest Live ғылыми фестивалі 1-4 қазан аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Алқалы жиын қашықтан өтетін болады. Есесіне бұл аузын айға білеген азулы спикерлердің – әлемнің әр түкпіріндегі түрлі саладағы Нобель сыйлығы иегерлерінің басын бір алаңда қоспақ.  Басты тақырып – Шекарасыз ғылым. Жетекші халықаралық сарапшылар 4 бағытта жаһандық деңгейдегі мәселелерді талқылайтын болады. Атап айтсақ, адами капитал, технологиялар, әлемнің өзгеруі, ғылым мен медицинаның жаңа қырлары, тұрақты даму мен инклюзивті экономика.

Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Нобель сыйлығының 6 иегері бар: физика бойынша Дэвид Гросс, химия бойынша Джон Полани мен Жан-Мари Лен, медицина мен физиология бойынша Ричард Робертс және бейбітшілік саласы бойынша сыйлық иегерлері Кайлаш Сатьяртхи мен Рае Квон Чунг .Сондай-ақ, танымал ғалым Дон Кливленд, өмір жайында ғылым саласындағы Breakthrough Prize, «ғылыми Оскар» лауреаты Майкл Шитз, жер-жаһанға әйгілі кибернетик ««капитан киборг» Кевин Уорик те жиынға қатысатындарын растады.  Бұған қоса  әлемге танымал криптограф Уитфильд Диффи мен Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті Йоханнес Линнді көруге болады.

Ұйымдастырушылардың пайымынша, Нобель апталығы тиімді нетворкингтік тұғырнамаға айналады. Ол Қазақстан мен жалпы Орталық Азия аймағында білім мен ғылым саласын дамыту үшін институттар мен бизнесті бір алаңда тоғыстырады. Сондай-ақ, басқосуда Орталық Азия мен Кавказ елдерінде жыл сайынғы дәстүрге енетін түрлі ғылыми симпозиумдардың топтамасы өтеді деп жоспарланған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: hse.ru