COVID-19 және Орталық Азия: Дүниежүзілік банк талдауы

COVID-19 және Орталық Азия: Дүниежүзілік банк талдауы

Дүниежүзілік банк сарапшылары коронавирустың Орталық Азия елдеріне әсерін зерттеп, пандемияның өңір экономикалары үшін салдары қандай болатыны туралы болжам жасады.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Лилия Бурунчук экономикаларды қайта қалпына келтіру процесі уақыт алатынын атап өтті.

«Пандемия үлкен соққы болды, ол жаһандық экономиканың күрт құлдырауына алып келді. Біздің базалық болжамымызға сәйкес, 2020 жылы әлемдік ЖІӨ 5,2%-ға қысқарады. Ал Орталық Азия бойынша - 1,7%. Әлемдік экономикадағы бұл құлдырау онжылдықтар, тіпті жүзжылдықтардағы ең мықты құлдырау болады»-, деді онлайн брифинг барысында Лилия Бурунчук.

Дегенмен, Дүниежүзілік банк сарапшылары 2021 жылы Орталық Азия мемлекеттері экономикасының өсуін болжауда. Егер, әрине, пандемия жаңадан белең алмаса. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азия және әлем елдерінің болашағы олардың корановирустық инфекцияның екінші толқынын болдырмаудың шараларын атқаруына байланысты болады.

«Нарықтық экономикасы қалыптасып келе жатқан көптеген елдерде және дамушы елдерде дағдарыстың салдары елеулі болады. Оның әлеуетті өндіріс көлеміне және еңбек өнімділігіне теріс әсері ұзақ уақытқа сақталады. Әсіресе экономикасы әлемнің басқа елдерімен сауда және қаржылық байланыстарға негізделген елдерге қиын болады. Бұған ақша аударымдары маңызды рөл атқаратын мемлекеттер жатады. Ал ондай операциялар Орталық Азия республикаларына тән»-, деп сөзін толықтырды Дүниежүзілік Банктің аймақтық директоры.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, дағдарысты пайдаланып инновацияға жаңа мүмкіндіктер жасау маңызды. Мысалы, Қазақстан осыны қаперге алған.

«Менің ойымша, пандемияның кесірінен туындаған жағдай инновацияларға жол ашады. Мысалы, Қазақстанда ғалымдар COVID-19 анықтай алатын, өкпе рентгенін жүргізетін жоба әзірледі. Ол цифлық талдау арқылы жүргізіледі. Дүниежүзілік банк қазақстандық ғалымдар әзірлеген жобаны қолдады», - деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Лилия Бурунчук.

Лилия Бурунчук атап өткендей, бүгінгі күні басқа да өзекті инновациялар бар. Дүниежүзілік банк өңірдегі осындай бірнеше жобаны қолдауға ниетті.

Жалпы алғанда, қаржы институтының сарапшылары Орталық Азия елдерінің экономикалары мүмкіндігінше тезірек қалпына келуі үшін бірнеше стратегияға басымдық беру керек деді. Ол адамдар үшін пандемияның салдарын жеңілдету және экономикалық залалды азайту шаралары ең жақын болашаққа бағдарлануы тиіс. Сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін қажетті реформаларды жүзеге асыру, бизнес пен жеке сектордың жұмысына жағдай жасау да өте маңызды.

 

Фото: tazabek.kg