Абай мүсіні Өзбекстандағы «Шайырлар саябағына» қойылды

Абай мүсіні Өзбекстандағы «Шайырлар саябағына» қойылды

«Шайырлар саябағы» Қарақалпақстанның Мойнақ ауданы орталығында салынды. Онда өзбек, қазақ, түрікмен және орыс халықтарының классик ақындарының бюсттері тұрғызылып, олардың таңдаулы туындысынан үзінді жазылған. Осы саябақтан Абай Құнанбайұлының мүсінін де көруге болады. Бұл жерде сондай-ақ, өзбек ойшылы, ақын Әлішер Науаидің, қарақалпақ ақыны Бердақтың, түрікмен әдебиетінің классигі, сөз зергері Мақтымқұлының, орыс  халқының ұлы ақыны А.Пушкиннің қола мүсіндері орнатылды.

«Шайырлар саябағы» жастардың рухани және мәдени танымын кеңейтуге, көрші халықтар ақындарының өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді», - деп хабарлайды өзбекстандық ақпарат құралдары.

Айта кетейік, Абайдың тағы бір ескерткіші Өзбекстанның астанасында орналасқан. Қазақтан шыққан ойшылдың биіктігі 9 метрден асатын мүсінін 2013 жылы екі елдің тұңғыш президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің қатысуымен ашылған болатын. Ескерткіш тұрған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы көшеге де Абай атамыздың есімі берілген.

 

Фото: turkystan.kz