COVID-19: Орталық Азия мемлекеттері дәрігерлердің жұмыс алгоритмін өзгертті

COVID-19: Орталық Азия мемлекеттері дәрігерлердің жұмыс алгоритмін өзгертті

Өзбекстан симптомсыз немесе жеңіл формадағы коронавирус науқастарын ауруханаға жатқызу тәжірибесінен бас тартты. Республиканың Денсаулық сақтау министрлігі дамыған елдерде де жағдайы ауыр болмаса, ондай пациенттерді өз үйлерінде қалдырып, дәрігерлік бақылауға алынатынын алға тартты. 

Бұған дейін Өзбекстан COVID-19 емделіп шыққандарды 14 күн оңалтуға орналастыруды да тоқтатқан болатын.

Жалпы елдегі эпидимиологиялық ахуалға келер болсақ, өткен тәулікте 68 азаматта коронавирус анықталды. Оның дені карантин орталығында болған азаматтар. Ал пандемия басталғалы Өзбекстанда 5561 COVID-19 дерегі расталған. Осы күнге дейін 4 мыннан аса азамат аурудан сауығып шықса, 19 науқас қаза болды. Қазіргі уақытта республика ауруханаларында бір жарым мыңға жуық науқас емделіп жатыр.

Қырғызстанда да денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені азайту және қызметін тиімді ету үшін медицина қызметкерлерінің жұмыс істеу алгоритмі өзгертілді.

«Жаңа алгоритмге сәйкес, COVID-19 вирусы анықталған симптомсыз науқастар үйінде емделетін болады. Бірақ арнайы бригада өзге адамдарға жұғу қаупін тудырмас үшін, науқастарды бақылауға алады»,- делінген Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Қырғызстанда соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артқан. Бір тәулікте 90 адамға COVID-19 диагнозы қойылған. Елдегі коронавирус жұқтырғандардың саны 2600-ге жуықтады.

Ал, Тәжікстанда 30 сәуірден бері жабық тұрған әмбебап базарлар, мейрамханалар, қонақүйлер мен сұлулық салондары өз қызметін қайта жандандырды. Басты талаптар – маска кию, қауіпсіз қашықтықты және санитарлық нормаларды қатаң сақтау. Ел астанасы Душанбе әкімшілігінің хабарлауынша, қалада шамамен 10 мың кәсіпкер жұмыс істей бастады. Жалпы, республикалық штаб қоғамдық орындарда медициналық маска міндетті түрде тағып жүру ережесін енгізген. Тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынады. Сондай-ақ, мемлекет шекарасын әзірге ашпайды, ел азаматтарына шетелге шығуға рұқсат жоқ.  Соңғы мәлімет бойынша, Тәжікстанда вирус жұқтырғандар саны – 5160 адам. 50 адам індеттен көз жұмса, 3624 науқас жазылып шыққан.

Түркменстан аумағында коронавирус жұқтыру туралы ресми ақпарат жоқ.

 

Фото: upl.uz