COVID-19: Орталық Азия елдері шетелден азаматтарын қайтару шараларын жалғастыруда

COVID-19: Орталық Азия елдері шетелден азаматтарын қайтару шараларын жалғастыруда

Өзбекстан Ресей, Түркия, БАӘ және өзге де елдерден 11 мың азаматын елге қайтаруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта елдің ұлттық әуе компаниясы алдағы екі аптада 20 чартерлік рейс ұйымдастырады. Соның ішінде, Италия астанасы Римнен ұшақ осы аптада күтіліп отыр. Елге оралған азаматтар БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тиісті талаптары мен нормаларына сәйкес 14 күндік карантинге орналастырылады.

Бүгінде Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 4300-ден асқан. 7 маусымда елде инфекцияға шалдығудың рекордтық көрсеткіші тіркеліп, бір тәулікте 237 науқас анықталған еді. Осы күнге дейін 3 354 өзбекстандық коронавирустан айығып шықса, 17 науқас қаза болған. Қазіргі уақытта республика ауруханаларында мыңға тарта адам емделіп жатыр.

Қырғызстан да COVID-19 пандемиясы кесірінен шетелде қалып қойған азаматтарын елге қайтаруда. Осы демалыс күні Мәскеуден Бішкекке 402 қырғызстандық жеткізілді. Дипломатиялық миссияның хабарлауынша, елшілікке Қырғызстан азаматтарынан бес мыңнан астам өтініш келіп түскен. Чартерлік рейстерді ұйымдастыру жалғасатын болады. Жоспар бойынша, Ресей аумағында жүрген барлық қырғызстандықтар маусым мен шілде айларында елге қайтарылмақ. Қырғызстандағы эпидемиологиялық ахуалға келетін болсақ, осы күнге дейін бір жарым мыңға жуық адам вирустан жазылып шыққан. Ал инфекцияға шалдыққандар саны 2030-дан асты.

Ал Тәжікстанда коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі республикалық штаб 15 маусымнан бастап базарлар, киім-кешек дүкендері, мейрамхана мен қонақ үйлер және сұлулық салондарына біртіндеп жұмысын қайта бастауға рұқсат бермек. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Тәжікстандағы өкілі елде инфекцияның таралуы әлі басылмағаны әрі оның екінші толқыны басталып кету қаупі туралы ескертті. Республикалық штаб азаматтарға қоғамдық орындарда медициналық маска міндетті түрде тағып жүруі керек деген талап қойды. Тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынатын болады. Соңғы мәлімет бойынша, Тәжікстанда вирус жұқтырғандар саны 4500-ден асқан.  Осы уақыт ішінде 2700-ге жуық адам сауығып шықса, 48 науқас қайтыс болды.

Түркменстанда COVID-19 жұқтыру туралы ресми мәлімет жоқ.

 

Фото: adyrna.kz