Орталық Азия елдері қалыпты өмірге оралуда

Орталық Азия елдері қалыпты өмірге оралуда

Орталық Азия елдерінде коронавирус індеті белең алып тұрғанымен, қазіргі таңда карантин режимінен шығу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл тұралап қалған экономиканы біршама көтеруге мүмкіндік болмақ. Компаниялар қиын қыстау кезеңді бастан өткергенде өндірісін жолға қою жолдарын іздестіруде. Бұл үшін  елдердің үкіметі барынша қолдау жасауда. Мәселен, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің Үкіметі  кәсіпорындар мен бизнесті  салықтан босатып, түрлі жеңілдіктер жасап жатыр.

Өзбекстан: автокөліктерге акциз салығы жойылады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ішкі автокөлік нарығын дамыту туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы республиканың әділет министрлігі хабарлады.

Құжатқа сәйкес, биыл 1 тамыздан бастап автокөліктерге акциз салығы жойылады.

Қазір республикада жеңіл автокөлік импортына 30 пайыздық акциз салығы алынып жүр. Ресейде, Қазақстанда және Украинада шығарылған жаңа автокөліктердің акциз салығы 2 пайыз деп белгіленген. Өзбекстанмен еркін сауда аймағы туралы келісімге отырған елдердің автокөліктеріне жеңілдік қарастырылған.

Қазір Өзбекстанға шетелден автокөлік әкелу үшін қосылған құн салығын, кеден және акциз салықтарын төлеу керек.

Жергілікті автокөлік сайттарының мәліметі бойынша, акциз салығы жойылған соң, Өзбекстанға шетелден әкелінетін автокөлік бағасы кем дегенде 2400 доллар шамасында арзандайды.

Тәжікстан: медиа-омбудсмен институты құрылды

Тәжікстанда оқиғаның бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы сипатталуын, сонымен бірге журналист этикасының сақталуын  енді медиа-омбудсмен институты қадағалайды.

Медиа-омбудсмен институты Тәжікстандағы Internews Network халықаралық ұйымының қолдауымен құрылды. Тәжікстанның тәуелсіз ақпарат құралдары ұлттық қауымдастығының төрағасы Нуриддин Каршибоевтің айтуынша, қазір медиа-омбудсмендер жергілікті алты ақпарат құралында жұмыс істеп жүр.

Олар Internews Network пен ЕҚЫҰ-ның арнайы дәрістеріне қатысқан.

 

Фото: m.uz.sputniknews.ru